Қоғам

СҚО-да жыл басынан бері 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген

Біреудің маңдай терін төгіп, жиып-терген табысын бір-ақ сәтте сыпырып әкететін алаяқтар көбейді. Өткен жылы облыста осындай 800-ге жуық факті тіркелген екен. Ал бұл 2020 жылмен салыстырғанда 240 жағдайға көп. Яғни, қулардың әрекеті азаяр емес, керісінше, жыл санап жиілеп барады. Оған қоса, интернет-алаяқтықты әшкерелеу қиының-қиыны. Былтыр жасалған қылмыстардың тек әр бесіншісінің ғана беті ашылған.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы

– Алаяқтардың көбі – шетелдіктер. Сыртта отырып, интернет арқылы адам алдайтындарды анықтау оңай емес. Егер өз елімізде болса, онда оның ісін әшкерелеп, құрықтау əлдеқайда жеңіл.

Жыл басталғалы 40 күннің ішінде 50-ден астам солтүстікқазақстандық алданған. Алаяқтық фактілерінің басым бөлігі “ОЛХ” пен “Колеса” сынды сайттарда орын алған. Жуырда облыс тұрғыны арзан дүниеге қызығып, сан соғып қылды. Көлік қарастырып жүрген ер адам жалған жарнамаға кез болған.

Марат Жұмалиев, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы

– Ер адам сатушыға хабарласқан екен. Ол бұған көліктің жап-жақсы күйде екенін, шұғыл ақша қажет болғандықтан сатып жатырмын депті. Тіпті, автомобильдің суретін де, видеоға түсіріп те жіберген. Қудың құрығына түскен аңғал азамат алдын ала төлем ретінде 50 мың теңге жібереді. Ақшаны алған алаяқ телефонын өшіріп, ізім-ғайым жоқ болған.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 3 түрі жиі кездеседі. Олар:

– жалған банк қызметкерінің қоңырау соғуы;
– танымал жарнама сайттарында тауар іздестіру;
– қаржыны еселеу туралы жалған ақпаратқа сену


Сондай-ақ, жиі кездесетін алаяқтық фактілердің тағы бірі – микроқаржылық ұйым арқылы біреудің атынан онлайн несие рәсімдеу. Мұндай жағдайда азаматтар қарызы барын кейін біліп жатады. Петропавл тұрғыны оның атына 50 мың теңге несие алынғанын жуырда сот орындаушылары келгенде бір-ақ білген.

Мадияр Харипов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы:

– Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының 34 жастағы тұрғыны анықталды, ол жауап алу барысында осы құқық бұзушылық жасағаны үшін өз кінәсін мойындады. Бұл ер адамның Петропавл қаласындағы ауруханалардың бірінің жанынан өтіп бара жатып белгісіз әйелдің жеке деректері бар түбіртек тауып алған. Интернет желісі арқылы осы әйелге онлайн несие рәсімдеуге шешім қабылдаған.

Интернет-алаяқтардың жемі болмау үшін сенгіштіктен бұрын сақтықты алға қою керек. Жеке мәліметті бей-берекет шашпай, тауардың түп-төркініне көз жеткізбей алдын ала төлем жасамау қажет.

 

Дана Ешкенова