Құқық қорғау органдары

Облыста ата-ана қарауынсыз қалған балалардың саны азайған

Ерлан Ақжанов пен оның зайыбы Юлияның асырап алған 3 баласы бар. Үлкендері 7 және 10 жаста, ал кенжесі 3-те. Юлия денсаулығыма байланысты құрсақ көтере алмаймын дейді. Сол себепті, осыдан 6 жыл бұрын тұрмысқа шықпай тұрып Карина мен Назар деген ұл-қызды өз қарауына алыпты.

Юлия Ақжанова, қала тұрғыны:

– Бұрыннан бері бала асырап алуда армандаған едім. 6 жыл бұрын Каринаны бауырыма бастым. Кейін ол маған туған бауыры бар екенін айтты. Бүлдіршіндерді бір-бірінен ажыратқым келмей 2 ай өткен соң Полудино ауылындағы балалар үйінен Назар есімді ұлды алдым. Ол кезде Мағжан Жұмабаев ауданында тұрдым. Кейін 3 жылдан соң қалаға көшіп келдік. Осы жерде күйеуімді кездестіріп, тұрмысқа шықтым.

Ерлі-зайыпты шаңырақ көтергеннен кейін отбасы мүшелерінің санын көбейтуді жөн көреді. Осылайша тағы бір бала іздейді. Уақыт өте келе Карина мен Назардың тағы бір інісі бар екені анықталады. Сөйтіп, жұбайлар 2 жастағы Ратмирді бауырына басады.

Жаңа айтқанымыздай балақайлар ағайынды. Бірақ, түрлі себептермен түрлі балалар үйінде тұрыпты. Жүрегі кең жандардың арқасында үшеуі бір-бірімен қауышып, қазіргі күні бақытты өмір сүріп жатыр. Бұрынғыдай терезеге телміріп әке-шешелерін сағынбайды. Уайым жоқ, көңілі тоқ, көйлегі бүтін. Мұны жүздерінен-ақ байқауға болады. Әрқайсысының жеке қызығушылықтары бар. Әке-шешелері балаларын түрлі үйірмеге жаздырып қойған екен.

Назар:

Мен хоккей ойнағанды ұнатамын. Жақында «Құлагер» командасының ойынына бардым. Сол кезде сыйлыққа әдемі жейде алдым.

Карина:

Үй тапсырмасын істеп болған соң, бауырларыммен ойнаймыз. Сосын мен анама көмектескенді ұнатамын. Ол маған түрлі тәтті-дәмді пісіруді үйретеді.

Ерлан мен Юлия Ақжановалар балаларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз дейді. Ұл-қыздардың ел қатарлы өсіп жетілуі үшін әке-шешесі тынбай еңбектенеді. Қазіргі күні отағасы теміржол саласында қызмет етеді. Ал жұбайы – кәсіпкер. Оның жеке дәмханасы бар екен. Одан бөлек әр балаға мемлекеттен ай сайын 10 АЕК көлемінде жәрдемақы төленіп тұрады.

Маржан Серікбаева, қалалық білім бөлімі қорғаншылық және қамқоршылық секторының меңгерушісі:

– Былтыр Петропавл қаласында ата-ана қарауынсыз қалған 135 бала тіркелді. Олардың жартысынан астамы туған әке-шешелеріне қайтарылды және қалғаны балалар үйіне тапсырылды. Сонымен қатар, 2021-ші жылы қала тұрғындары 270-тен аса ұл-қызды қамқорлыққа алды. Олардың 42-сі патронатты қамқорлыққа алынды. Ата-аналар әр 6 ай және 1 жыл сайын балаларының хал-жағдайлары туралы білім бөліміне есеп беріп отыруы тиіс.

Бұдан бөлек мамандар да асырап алынған балалармен жеке кездесіп, олардың жағдайларын сұрап, біліп отырады екен. Облыстық білім басқармасының мамандары жетім қалған ұл-қыздардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша да жан-жақты жұмыс жасалуда. Тұрмыс жағдайы төмен отбасылармен де алдын алу шаралары ұдайы жүргізіліп тұрады. Атқарылып жатқан шаруалар өз нәтижесін беруде. Осы орайда айта кетейік, соңғы 3 жылдың ішінде облысымызда ата-ана қарауынсыз қалған балалардың саны азайған. Ал оларға арналған интернаттар 5 жылда екі есеге қысқарған.

Бердимурат Баймухан