Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды

Солтүстік Қазақстанда жасалған! Қаз-қатар қойылған мына шұжық, деликатес пен жартылай фабрикаттар өзіміздің Тайынша ет комбинатында өндірілген. Шикізат осы жердікі. Мына тұрған алып кешенде шошқа өсіріледі. Былтыр бұл жерде тұяқтылар саны біршама артыпты. Басшылық мұнымен тоқтап қалмақ емес. Биыл мал басы тағы ұлғаймақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Атқарылған жұмыс пен шығарылған өнім көлемі 2020-шы жылмен салыстырғанда едәуір өскенін көріп отырмыз. Мысалы, шошқа фермасында біраз жұмыс атқарылды. Сыйымдылық көрсеткіші 50 мың бастан 100 мың басқа дейін жеткізілді. Бұл жұмыс биыл өзінің жалғасын табады. Сыйымдылықты 200 мың басқа дейін жеткізейін деп отырмыз. Құрылыс жұмыстары көктемде басталады.

Былтыр кешеннен бір жарым шақырым жерде орналасқан бордақылау алаңының аумағы да ұлғайған екен. Ол жерде мал семіртіліп, салмағы 100 келіден асқанда ет комбинатына жіберіледі. Мұнда тұяқтылар сойылады және еті өңделеді.

Лариса Косова,”ЕМС AGRO” ЖШС ет комбинаты директорының орынбасары, Тайынша ауданы:

– Малдың денесінде сойылған күні, нөмірі және сапа белгісі көрсетіледі. Іске ветеринарлар белсене араласады. Жұмыс барысында қандай да бір олқылық тіркелсе, ұша желіден алынып, әрі қарай зерттеу үшін ветеринарлық-санитарлық камераға жіберіледі. Бізде өз зертханамыз бар. Ол жерде толық талдау жұмысы жүргізіледі.

Мұнда тәулігіне 120 бас ірі қара мал мен 500 шошқа сойылады. Ал бір аптада соңғы аталғанның саны 2 мыңға жетеді екен. Мамандар осы қарқыннан таймаса, жылына 10 мың тоннаға жуық өнім дайындауға болады. Айта кету қажет, былтыр 130-дан астам адам еңбек ететін іргелі кәсіпорында шығарылатын тауар түрі 15-ке көбейіпті. Алдағы уақытта ассортиментті одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

Әлихан Талғатбек, “KazFoodProducts” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Біз қазір сауда желісін дамытудамыз. Бұған дейін Көкшетау, Петропавл, Тайынша қалаларында дүкен аштық. Болашақта сауда нүктелерінің санын арттырғымыз келеді. Мысалы, Көкшетауда тағы – 4, Петропавлда дәл сонша, Тайыншада – 2 және елордада 10 дүкеннің таспасын қиюды жоспарлап отырмыз.

Демек, солтүстіктің сапалы тауарына сұраныс бар. Өнімдерді 2 облыстың аумағында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де сатуға болады. Сұхбат барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мынандай дерекпен бөлісті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ет комбинатында күн сайын 1 тоннадан астам шұжық өнімі шығарылады. Көрсеткіш міндетті түрде артады. Өйткені, бүгінгі күні Қазақстанда халықты шұжықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 68 пайызды ғана құрайды. Яғни, 32 пайыз – импорт. Сондықтан, бұл бағытта жұмыс атқару қажетпіз.

Тайынша ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов қоғам өкілдерімен бірге астықты терең өңдейтін зауытқа да бас сұқты. Бұл кәсіпорында былтыр 23 мың тонна крахмал өндіріліпті. Биылғы меже – көрсеткішті 32 мың тоннадан асыру. Сонымен қатар, 3 мың тонна жоғары сапалы биоэтанол шығарылған. Экологиялық таза өнімді автокөлік саласында кәдімді жанармай ретінде қолдануға болады. Ол бүгінде өңірлерге сатылуда. Болашақта шекара асып кетуі де мүмкін. Халықаралық сертификатқа ие сұйықтыққа Түркия мен Финляндиядан қызығушылық танытқандар табылыпты. Сондықтан, жылдық қуаттылықты 10 мың тоннаға жеткізу көзделген.

Алмас Қалимурзин, «BioOperations» ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Сондай-ақ, біз глютенді өндіруге бағытталған инвестицияларды көбейтеміз. Болашақта ұн өндіру желісін де іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ойлағанымыз жүзеге асса, тәулігіне өңделетін астықтың көлемі 200 тоннаға артады.

Осы орайда айта кетейік, былтыр кәсіпорында 6 мың тоннадан астам глютен шығарылыпты. Биыл көлем 2 есеге ұлғаймақ. “Тайынша ауданында ауқымды жұмыстың жүргізілуіне құйылған инвестиция септігін тигізді”,- дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “Tamiz-Invest” компаниясы қомақты көлемде инвестиция құйды. Бағытталған ақша 24 млрд теңгеден асып жығылады. Бүгінде тек қана “Биохим” зауытында 500-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Жылына мемлекетке 1 млрд теңге көлемінде салық төлеп отыр. Атқарылып жатқан жұмыс аз емес.

Жұмыс сапары соңында Құмар Ақсақалов кәсіпорындардың жұмысына оң бағасын берді.

Байболат Култанов