Бизара Есмағамбетова 62 жаста. Зейнеткер үйден аса шыға қоймайды. Немерелері келгенде сол балалардың күтімімен айналысады. Өткен жылдың маусым айында нәзікжанды сәл ауырынқырап қалған көрінеді. Тіпті, “Коронавирус жұқтырып алдым ба?” деп күдіктеніпті. Әйтеуір, бірер күнде жағдайы жақсарып, жазылып шыққан. Қайта сырқаттанып қалмас үшін шілдеде COVID-ке қарсы екпе салдыртуды шешкен.
Бизара Серікбайқызы “Спутник V”-мен вакциналанған. Ал бүгін ревакцинация ретінде “Pfizer” екпесі қойылды.
Бизара Есмағамбетова, қала тұрғыны:
– Вакцина алуды жолдасым екеуміз бірге бастадық.Балаларым барлығы ауырмасын деген ниетпен алып жатырмын. Сондай-ақ, жазда немерелерім үйде болды. Кейібір таныстарым осы дерттің кесірінен қайтыс болды. Олар иммундаудан өтпепті. Вакцина алып, ауырып қалсақ та ауруды жеңіл өткереміз деп ойлаймын.
№1 қалалық емханада вакцина егу науқаны өткен жылдың ақпан айында басталыпты. Күніне мекемеге 100-ден астам адам келеді.
Елена Куляпина, қалалық №1 емханасының бөлімше меңгерушісі:
– Коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы құрамын 33 мың 780 адам алды. Ал екінші компонентін 31 мың 500 жан қабылдады. Ревакцинациядан өткендердің саны 5 мың 245-ті құрайды. Қосалқы құрамды алуға келген жандарға – “QazVak” пен “Vero Cell” және балалар мен жүкті әйелдерге және зейнеткерлер мен медицина қызметкерлеріне “Pfizer” екпесі салынады.
Қазіргі таңда 1-ші қалалық емханада 3 екпе егу кабинеті жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың шақыртуы бойынша мобильдік топ та қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, “DOSTYQ MALL” сауда және ойын-сауық орталығында аталған емханаға қарасты вакцина салдыру қосыны бар.
Алдияр Айтпаев