Күн сайын учаскелік полиция инспекторлары бұрын істі болғандардың мекен жайларына барып бүгінгі тіршіліктерін, оларға қатысты шектеулердің сақталуын тексереді. Бұрын сотты болғандардың жұмыспен қамтылуы да назарда.
Үш күнде тәртіп сақшылары «Профилактикалық бақылау» жедел-алдын алу шарасы барысында 350-ден астам адамды тексерген. Бүгінде, қалалық полиция басқармасының профилактикалық есебінде 2 жарым мың адам тұр. Оның мыңнан астамы – маскүнемдікке салынғандар, 362-сі – бұрын сотты болғандар, 100-ден астамы – бас бостандығынан айыру орындарынан шартты мерзімінен бұрын босап шыққандар. Тексерулер барысында есепте тұрған тұлғаларға қойылған шектеулерді бұзудың 100-ден астам фактісі анықталды. 3 адам сот шешімімен арнайы емдеу-профилактикалық мекемесіне емделуге жіберілді.
Сейілбек Елжасов, қалалық ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының орынбасары:
– Іс-шараның басты мақсаты – Петропавл қаласының полиция басқармасында есепте тұрған тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша бақылау және қадағалау фукцияларын жүзеге асыру. Сонымен қатар, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында қылмыстық белсенділікке неғұрлым бейім орындарды тексеру және құқық тәртібін қамтамасыз ету болып табылады.
«Профилактикалық бақылау» жедел-алдын алу шарасы жексенбіге дейін жалғасады. Есепте тұрған азаматтардың барлығы тексеріледі.
Дана Ешкенова