Николаевка селолық округінің құрамына 2 елді мекен кіреді: Қаратал мен Николаевка. Соңғысы – облыстағы іргелі ауылдардың бірі. Халық саны 1400-ге жуықтайды. Жауапкершілігі жоғары, даму қарқыны жақсы агроқұрылымдар да жетерлік. Елді мекенде дүкен, дәмханадан бөлек, 2 бірдей мейманхана, астық қабылдау пункті, дәріхана, сауна мен қарттар үйі де бар. Қысқасы, жергілікті тұрғындарға барынша жағдай жасалған. Бірақ, “бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” демекші, проблема да жоқ емес. Соның бірі – ауылішілік жол. Дәлірек айтқанда, оның жоқтығы.
Қайыржамал Қадырбаева, Николаевка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Ойдым-ойдым жерлер көп. Түгелімен оңдау керек жолдарды. Жол осыған дейін болған емес. Шамалы жамап қоятын, бірақ түгел дұрыстау керек. Көлік жүргізушілері мен оқушыларға қиын.
Қайыржамал Қадырбаева елді мекенде 54-ші жыл тұрып келеді. Осы аралықта дені дұрыс жол атымен болған емес дейді. Сол себепті, мәселені Николаевка селолық округінің әкімі Нұрбек Сапаровтың есептік кездесуінде көтерді. Жарты жыл бұрын ғана сайланған атқамінер проблемадан хабардар. Шаруаны Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов та шешуге даяр. Бірақ, барлығы қаржыға тіреліп тұр.
Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:
– Бұл – күн тәртібіне шығарылған №1-ші сұрақ. Николаевкадағы ауылішілік жолдарды жөндеуге қажет жобалық-сметалық құжаттама дайын. Қазір біз “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы аясында облысқа бөлінетін қаражатты күтіп отырмыз. Елді мекендегі жолдарды қалыпқа келтіру жөнінде өтінім жолдадық. Мақұлданса, шаруаны проблема өткір тұрған Николаевка, Чириковка мен Тораңғұл селоларында атқарамыз.
Ауылішілік жолдар жөнделсе, жергілікті билік тұрғындардың басты армандарының бірін орындамақ. Десе де халықтың арқасын кеңге жайып, жағдайды облыс орталығымен теңестіру үшін екінші проблеманы да шешу қажет. Ол – ауызсу. Тіршілік көзі Николаевкада бар. Тіпті жұртшылықтың бір бөлігі оны үйлеріне дейін кіргізіп алыпты. Алайда, кранды қосқанда су ақпай қалуы мүмкін.
Қайыржамал Қадырбаева, Николаевка селосының тұрғыны, Есіл ауданы:
– Кейде су жетпей де қалады. Өйткені, су беретін жердің көлемі кішкентай. Оны ұлғайту керек. Шын мәнісінде су ішуге ғана жетеді. Жеміс-жидек суаруға су жоқ. Сондықтан, бұл – негізгі проблема.
Жұмыс істеп тұрған резервуардың сыйымдылығы небәрі 50 текше метрді құрайды. Оны техникалық мақсат түгілі, тамақ пен шайға жеткізудің өзі қиын дейді тұрғындар. Ал, қысқы уақытта жұртшылық тіптен тақымдарын қысып отырады екен. Себебі, су трассасында апат орын алса, оны біржақты еткенше білдей бір ауыл тіршілік көзінсіз қалуы мүмкін. Мұндай жағдайлар осыған дейін болыпты.
Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:
– Мәселені шешудің жолы бар. Елді мекенде Кеңес үкіметі кезінде жұмыс істеген мың текше метрге арналған резервуар орнатылған. Оны қайта қалыпқа келтіру қажет. Ол үшін қаражат керек. Жобалық сметалық-құжаттамасы дайын. Тым болмағанда 500 текше метрлік резервуарды іске қоссақ, бұның өзі тұрмыстың жақсаруына септеседі.
Осылайша, тұрғындарға берілетін судың көлемі 10 есеге артпақ. Бұл ауылдағы ағайынмен бөлек, кіші және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің де өмірін әжептәуір жеңілдетеді. Жиналған қауым көшелерді жарықтандыруға қатысты мәселені де көтерді.
Гүлбану Тахметова, Николаевка селосының тұрғыны, Есіл ауданы
– Көшелерде жарық жоқ. Кейбір жерлерде күйіп кетті. Соларды жөндеу жоспарда бар ма? Балалар мектепке таңертең ерте шығады.
Нұрбек Сапаров, Николаевка селолық округінің әкімі, Есіл ауданы:
– Мектеп көшесі, Автобаза, Интернационал мен Ленин көшелерін жарықтандыруға 4,4 млн теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеп қойдық. Өтініш білдірдік. Рұқсат беретін болса, биыл міндетті түрде іске кірісеміз Кейбір көшелерді кеше өз күшімізбен істеген болатынбыз. Биыл да бұл жұмысты бюджетке қарамастан жалғастырамыз.
Ауылдағы ағайын сайланған ауылдық округ пен аудан әкімдерінен мәдениет ошақты ашуғын сұрады. Талантты жастар да, қарттар да көп. Енді өнерлерін ортаға салатын нысан керек дейді тұрғындар. Сондай-ақ, селоға жұмыс істеуге келетін жас мамандарға да қолдау қажет. Нақтырақ айтқанда баспана мәселесін шешкен жөн. Сауал назарсыз қалмайды деді атқамінерлер.
Эльмира Садвокасова