Жалған ақпарат таратып жұртты дүрліктірді. Жуырда полиция қызметкерлері қаладағы үйлердің бірінде тінту жұмыстарын жүргізіп, жарылғыш зат іздеді. Пушкин көшесінің бойында дәріханалардың біріне ер адам келіп, дәріхана орналасқан үйге мина қойылды деп айтқан. Дереу шақыртылған мамандар жедел іздестіру шарасына кірісіп көпқабатты тұрғын үйді түгел тексеріп шығады.
Ақыры ешқандай жарылғыш зат таппайды. Тәртіп сақшылары жалған айтып елді дүрліктерген ер адамды ұстады. 50 жас шамасындағы қала тұрғыны алкогольдік масаң күйде болған. Қазіргі күні бұл факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталған ер адам үлкен сомада айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.