Білім

“Өрлеу”-де екіжақты меморандум жасалды

Тәжірибе алмасу, мектеп мұғалімдеріне арналған оқыту курстарын бірлесіп жүргізу әрі түрлі жобаларды жүзеге асыру. Жоспарланған жұмыс бағыттары тиісті меморандумға қол қою арқылы бекітілді.

Ерлан Қоңырбаев, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-Инновация” лицей-интернатының директоры:

– Оқушыларға сапалы білім беру үшін алдымен сапалы мұғалім қажет. Ал сол ұстаздарды кәсіби жетілдіру үшін осындай орталықтармен жұмыс істеу өте маңызды. Келісім аясында біздің мектеп қана емес, барлық өңір мектептеріне пайдалы болады деген ойдамын. 2-3 жылда әр ұстаз біліктілікті арттыру курсынан өтеді. Біздің Білім-инновация” лицей-интернатының 27 ұстазы осы курстардан толық өтті.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін бірден ғылыми-әдістемелік кеңес өтті. Жиын барысында мамандар 2022 жылға арналған біліктілікті арттыру курстарының жоспарымен бөлісті.

Лейла Алмағамбетова, “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” директорының орынбасары:

– Бұл курстарда мұғалімдерге оқыту үрдісінде IT-технологияларды пайдалануды, өзге де жаңашыл әдіс-тәсілдерді қолдану механизмін, тапсырмаларды саралаудың тиімділігін үйретеміз. Жалпы, бір жылда 500-ге жуық курс ұйымдастырамыз.

Мамандар біліктілікті арттыру курстарына қатысушыларды қолдау мақсатында әдістемелік сүйемелдеу вебинарларын өткізіп тұру туралы шешім қабылдады. Онда мұғалімдер оқыту үрдісінде туындайтын мәселелерді талқылайды.

Дана Ешкенова