Қазір ауыл шаруашылығы саласын озық үлгідегі технологиясыз, тегеурінді техникасыз елестету мүмкін емес. Заман талабына сай болсаң, шаш етектен деп сипатталатын шаруа ауыз толтырып айтарлықтай жеңілдейді. Бұл ретте теріскейлік тауар өндірушілерде таңдау бар. Мысалы, “CLASS”-тан комбайн алып, кеуде қағуға болады. Марқаюға себеп – аталған марка әлемдік бренд. Былтырдан бастап шалғайда емес, өзіміздің Петропавлда жиналып жатыр. Аз-кем статистикасы көңіл қуантады.
Серік Есмұқанов – “CT Agro” компаниясының аймақтық өкілі:
– Былтыр әр түрлі тегеуріндегі 92 комбайн жиналды. Оның 70-тен астамы сатылды. Сататын комбайндарымыз әлі бар. Биыл 100-ден астам комбайн шығаруды жоспарлап отырмыз.
Петропавлда жиналатын “CLASS”-тың сапасы жоғары әрі бағасы төмен. Соңғы үлгідегі комбайндарды бірқатар жеңілдікпен сатып алуға болады. Жергілікті қоймаларда техниканың бөлшектері де бар. Яғни, керекті дүниені шарқ ұрып іздеудің, шет елге тапсырыс берудің еш қажеті жоқ. “John Deere” де ауыл шаруашылығы саласы өкілдеріне жақсы таныс. Аққайыңдар өлкесінің агросекторда әлеуеті зор екенін бес саусақтай білетін компания өңірімізде сервистік орталық ашуды жоспарлап отыр.
Руслан Сердалинов, “Eurasia Group Kazakhstan” компаниясының аймақтық өкілі:
– 2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысында сервистік орталық салу көзделіп отыр. Ол жерде жоғары сападағы қызмет көрсетілетін болады. Бүгінде біз цифрландыруға, яғни техникаларымызға сандық технологияны енгізуге көп көңіл бөлудеміз. Жаңашылдықтар істі жеңілдетеді әрі нақты, аса қажетті ақпар ұсынады.
Жиында тағы бір іргелі компания – “AVAGRO” серіктестігінің директоры Николай Ерохин да бой көрсетті. Ол баяндамасы барысында көкейіндегі 2 мәселені ортаға салды. Соның бірі техниканың сатылымына қатысты. Азаматтың айтуынша, сауда-саттық жұмыстарында ақпарат қолжетімсіз.
Николай Ерохин, “AVAGRO” ЖШС директоры:
– Біз қанша техника шығару керектігін, қанша тауар сатылатынын білмейміз. Яғни, өзіміздің шама-шарқымызша әзірлеп, сатылымға қоямыз. Сосын клиент келе ме, келмей ме деп күтумен боламыз. Осы бағытта жұмыс реттелсе деген тілегіміз бар. Қолымызда нақты ақпар болса, шығынсыз еңбек етер едік. Жалпы, біздің өнімді отандық және ресейлік шаруалар сатып алады. Болашақта техникамызды Моңғолияға экспорттауды жоспарлап отырмыз.
Мәселені көпке созбай шешу қажет. Бұл ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жиынға онлайн режимде қатысып отырған аудан басшыларына жүгінді.
Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Аудан әкімдерінен 10 күннің ішінде Николай Михайлович болжам жасауы үшін алдын ала ақпар беруді сұраймын. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бұл мәселені бақылауға алсын.
Марат Тасмағанбетовтің компания басшыларына да айтары бар. Ауыл шаруашылығы техникасын шығару, жеткізу және сатумен айналысатын кәсіпорындар аудандармен ұдайы байланыста болып, қандай өнім барын, оның мүмкіндіктерін, көлемін тұрақты түрде хабарлап тұруы тиіс. “Көктемгі дала жұмыстары қарсаңында және дәл науқанда әр күнді бағалап, еңбек еткен жөн”,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Көктемнің бір күні – жылға азық. Сондықтан, алдағы науқанда тұрақты түрде ақпар ұсыныңыздар және күн-түн демей демалыссыз қызмет көрсетіңіздер. Техника бөлшектерінің тапшылығы мәселесі де орын алмауы тиіс. Шаруалар қажетті дүниені іздеймін деп аса маңызды жұмыстарын тоқтатып қойып, уақыт жоғалтпауы қажет.
Өз кезектерінде компания өкілдері бірауыздан мәселе туындамайтынын мәлімдеді. Көктемгі дала жұмыстары жөніндегі жедел штаб мүшелері алдағы уақытта тағы бас қоспақ. Келесі жиында өсімдікті қорғау мәселесі қаузалмақ.
Байболат Култанов