Денсаулық сақтау

Зейнеткерлер ревакцинациядан өтуде

Залда отырған бұл қариялар кезінде теміржол саласында еңбек еткен. Қазіргі күні олар құрметті еңбек демалысында. Егде жастағы тұрғындар бүгін жергілікті теміржол бөлімшелерінің біріне иммундау шарасынан өтуге келді. Қарт кісілердің денсаулығы әлсіз келеді. Сол себепті, оларға вакцина алып, әлемді жайлаған коронавирустан қорғану керек.

Владимир Пушкарёв, қала тұрғыны:

Алғашқы екі екпені жеңіл еңсердім. Вакцина алғаным дұрыс болды. Туыстарым мен жақындарым да иммундау шарасының толық курсынан өткен. Әлі күнге дейін коронавируспен ауырмағанымыз соның нәтижесі деп ойлаймын.

Екпе қоймас бұрын 2-ші қалалық емханадан келген ақхалаттылар иммундалушылардың денсаулығын тексеріп, хал-жағдайын біліп алады. Пациент жайлы толық ақпарат қамтылған соң ғана оларға вакцина егіледі.

Айгерім Дүйсенова, №2 қалалық емхананың терапеві:

Алдымда – ардагер. Оның көп созылмалы аурулары бар. Жазда вакцинаның 2 дозасын алған екен. Бүгін денсаулығын тексердік. Бәрі жақсы екен. 3-ші дозаны қоя беруге болады.

Бүгін мұнда шамамен 20-ға жуық зейнеткер келді. Қарттардың барлығы ревакцинациядан өтпекші. Оларға ресейдің «Спутник-Лайт» препараты қойылуда.

Татьяна Пушкарёва, қала тұрғыны:

– Өзі мен жақындарым үшін ревакцинациядан өтуді жөн көрдім. Дәрігерлердің айтқанын тыңдап, сақтанып жүру керек. Қазір жағдайым жақсы.

Айта кетейік, қазіргі күні қалада 44 мыңдай зейнеткер бар. Бүгінде олардың 50 пайыздан астамы вакцина қойдарған екен. Қарт адамдардың арасында иммундау шарасынан өтемін дегендердің саны күн санап артып келеді дейді дәрігерлер.

Бердимурат Баймухан