Қолға түскен үшеу Қызылжар ауданындағы Жалтыр көлінің жағасында аңшылық жасаған. Бұл – Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы. Мұнда күзет күшейтілген және аң атуға қатаң тыйым салынған. Соған қарамастан браконьерлер тыңғылықты дайындықпен келіп, сайын далада сауық құрған. Алысқа ататын қарудан бөлек, әрқайсысында қашқан жануарды оңайлықпен жібермейтін қарда жүргіш көлік болған.
Сергей Липко, “Көкшетау” МҰТП мемлекеттік инспекторы:
– Бірлескен рейд барысында орманның шетінде тұрған 3 қарда жүргіш көлік пен адамдарды байқап қалдық. Олар теріні қарға көміп жатты. Бір сәтте бізді байқап, қаша жөнелді. Мен өзіме жақын орналасқан қарда жүргіш көліктің ізіне түстім.
47 жастағы аудан тұрғыны алысқа қашып құтыла алмады. Оны мамандар оқиға орнынан ұзатпай ұстады. Ал қалған екеуі сәл кешірек қолға түсті. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, “Заңсыз аңшылық” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ілияс Байсалдин, Қызылжар аудандық ПБ аға тергеушісі:
– Қаңтардың 30-ы күні Қызылжар аудандық полиция бөліміне заңсыз аңшылық фактісі бойынша қоңырау келіп түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Мамандар аумақты шолып, бұланның басы мен терісін тапты.
Күдіктілерден қарда жүргіш 3 көлік, қос ұңғылы «ИЖ» мылтығы және жануардың мүшелері алынған. Қамауға алынған жандар 6 жылға дейін сотталуы мүмкін. Сонымен қатар, полицейлер қаңтар айының алғашқы жұлдызынан тұяқты жануарларды атуға тыйым салынғанын хабарлайды. Бүгінде тек жұмсақ жүндес аңдарды ғана аулауға рұқсат етілген.
Байболат Култанов