Ауыл шаруашылығы

СҚО-дан Маңғыстауға 300 тонна кебек жіберіледі

Бұл – Маңғыстау облысындағы жазғы көрініс. Былтыр өлкеде бір тамшы жауын жаумай, жазық даланы қуаңшылық басты. Табиғи апаттың салдары да көп күттірмеді. Бір тал шөп өспей, төрт түліктің барлығы жаппай қырыла бастады. Күнкөрісі малға қарап отырған қарапайым халықпен қатар, аграрийлер де қыруар шығынға батты. Төртаяқтыларын сақтап қалған ағайынның өзі, қысқа жем-шөбін әзірлей алмады. Бүгінде мәселе біржақты етілуде. Ахуалды біршама түзеу үшін Солтүстік Қазақстан облысынан Маңғыстауға 300 тонна жем жіберілмек.

“Қара-Яз” серіктестігі 96-шы жылдан бері ауыл шаруашылығымен айналысуда. Агроқұрылымның 18 мың гектар егістік алқабы бар. Диқандар бұл аумаққа дәнді дақыл егіп, ала жаздай өсірген өнімін өздерінде өңдейді екен.

Одиссей Голубенко, “Қара-Яз” ЖШС атқарушы директоры:

– Жинаған өнімді өңдеп, ұн мен кебек жасаймыз. Диірмен-элеватор кешенінің қуаттылығы тәулігіне 350 тоннаны құрайды. Тауарды сыртқы нарыққа, атап айтар болсақ Өзбекстан мен Ауғанстан елдеріне экспортқа шығарамыз.

Нарықтағы кебектің 1 тоннасы 80 мың теңгеден асады. Солтүстік Қазақстаннан жіберілетін азық маңғыстаулықтарға 30-35 пайыз көлемінде жеңілдікпен берілмек.

Талғат Наурызбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Солтүстік Қазақстан облысынан Маңғыстауға 300 тонна жіберіп отырмыз. Оның 2 вагоны “Қара-Яз” серіктестігінен. Қалған 4 вагонды ай соңына дейін жібереміз.

Вагондарға тиелген мал азығы Маңғыстау өңіріне 10 күн көлемінде жеткізілмек. Кебек төрт түлігі бар жергілікті тұрғындар мен аграрийлерге үлестіріледі.

Эльмира Садвокасова