Қылмыс

Петропавлда халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы сотталды

Гагарин көшесі бойындағы мына 5 қабатты үйлер 2015 жылдың соңында тапсырылған болатын. Жалдамалы пәтерлерде әлеуметтік аз қамтылған отбасылар 5 жыл тұра алады. Алайда, 2 жыл бұрын кезекте тұрғандар арасында былық басталған. Оны қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы ұйымдастырыпты. Яғни, ол өзіне ақша ұсынған жандардың кезегін жылжытып, тездетіп жалдамалы пәтермен қамтып отырған.

Сәуле Литфуллина, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Жұмыспен қамту орталығының директоры өзінің екі сыбайласына пәтерге мұқтаж жандардың тізімін және олар жайлы бар ақпаратты беріп отырған. Кейін әлгі екі азамат олардың арасынан пара беруге дайын жандарды тауып, олардан ақша алып отырған.

Жығылғанға жұдырық демекші, онсыз да баспанасыз жүрген жандар кезегін жылжыту үшін 500-600 мың теңгеден пара берген. Сөйтіп, жалдамалы пәтерге кірген. Бір қызығы, экс-басшыға көмектесіп жүрген пысықайлар жұмыспен қамту орталығында еңбек етпейді екен.

Сәуле Литфуллина, Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Аталған қылмыстық іс бойынша пара алудың 10 эпизоды анықталды. Олар 2020-2021 жылдар аралығында орын алған. Жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы 8 жылға сотталды әрі өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ал серіктестері 7 жылға сотталды.

Пара бергендерге де әкімшілік айыппұл салынады.

Магжан Ахмадина