Денсаулық сақтау

Өңірде екпенің қос құрамын 275 мыңнан астам адам алды

2-ші қалалық емханада COVID-19-ға қарсы иммундау шарасы қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, ревакцинациядан өтуге келгендердің қарасы қалың. Зейнеткер Любовь Пономареваға бүгін екпенің 3-ші дозасын алу керек. Бұған дейін “Спутник V” қабылдаған. Оған ревакциналануға «QazVac» ұсынылды.

Любовь Пономарёва, қала тұрғыны:

– Иммундау шарасына алғаш рет өткен жылдың сәуір айында қатыстым. Жұрт айтып жүрген әлсіздікті сезінген жоқпын. Денсаулығымда ешқандай өзгеріс байқамадым. Бұл жолы да кері әсер болмайды деген үміттемін. Коронавирусқа қарсы вакцинаны міндетті түрде қойғызу керек. Мен сияқты зейнеткерлердің көбінде созылмалы аурулары бар. Оны тәж вирусымен одан сайын ушықтырып алмай алдын ала қорғану қажет.

Зейнеткерлерден бөлек, маңызды науқанға жастар да белсенді қатысуда.
Кәмила Абраева вакцинаның 2-ші компонентін салдыртуға келген. Жергілікті университеттің 1-ші курс студенті дәстүрлі форматта білім алып жүргендіктен топтастарымызбен тығыз қарым-қатынастамыз дейді. Бұл ретте тәж вирусынан қорғайтын вакцина қабылдаған жөн.

Кәмила Абраева, Қозыбаев университетінің студенті:

– Өткен жылы қашықтықтан білім алдым. Оған қоса үйден шыға қоймайтынмын. Сол себепті, иммундау шарасына қатысуға құлық танытқан жоқпын. Енді қазір адамдармен жиі араласатындықтан вакцина алу қажет. Жақындарым вакцинациядан алғашқылардың бірі болып өтті. Әкем, тіпті, 3 бірдей құрамын салдыртып үлгерді. Топтастарымның да басым бөлігі екпе алған.

Маңызды науқан басталғалы №2 қалалық емханада 38 мыңнан астам адам екпенің қос құрамын да алған. Мамандардың сөзінше, иммундалған азаматтардың бірде-бірі шағыммен жүгінбепті. Сондай-ақ, емдеу мекемесінде ревакцинация науқаны да қарқынды жүргізілуде.

Фарида Мұхамеджанова, №2 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологы:

– Қазіргі уақытта емханада 6 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті. Ал “Pfizer” вакцинасы 660 адамға егілді. Оның 500 дозасы 12 жастан асқан балаларға салынды. Бүгінде бұл препаратты жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдермен қатар, медициналық қызметкерлер және 60-тан асқан жандар да қойдыруда.

Бүгінде өңір бойынша COVID-19-ға қарсы екпенің алғашқы қос құрамын 275 мыңнан астам адам алған.

Дана Ешкенова