Қылмыс

Көп ұзамай “Қаңтар оқиғасының” ұйымдастырушылары белгілі болады

Қазақстанда қасіретті “Қаңтар оқиғасының” орын алғанына да 1 ай болып қалды. Алайда, террористердің әрекеті әлі ел есінен шыққан жоқ. Жақын арада ұмытылмайтыны да анық. Өйткені, еліміздің бірнеше қаласында орын алған бүліктен жүздеген адам қаза тапты, мыңдаған жан жарақаттанды. Кінәлі кісілер жазасыз қалмауы тиіс. Жауапты органдар бірнеше бағыт бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп те жатыр. Бас прокуратураның мынандай ақпары бар.

Ризабек Ожаров, ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы:

– Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм актісін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынды. Біз олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайн, қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттелуде. Осы факторларды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу изоляторларынан босатты. Қамауға алу ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, үйқамаққа және жеке кепілдікке ауыстырылды. Олардың арасында екі әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім болған.

Бұл – тек арнайы прокурорлардың тергеуіндегі істер. Аса маңызды бағытта Ішкі істер министрлігі де жұмыс жүргізуде. Брифингіде аталған ведомство өкілі де бой көрсетті. Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтың сөзінше, қамауға алынғандардың жалпы саны 800-ге жуықтайды. Олардың кейбірі іздеуде жүрген.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Қазір ішкі істер органдары тергеушілерінде 2548 қылмыстық іс бар. Лаңкестік шабуылдар мен жаппай тәртіпсіздіктер бойынша барлық қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергейді. Қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторында 887 адам ұсталды. Оның 789-ы қамауға алынды. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 8-і – іздеуде жүрген адамдар. Олардың кінәсі заттай дәлелдермен, видеобақылау камерасындағы жазбалармен, куәлардың айғақтары және басқалармен дәлелденді.

Ел аман, жұрт тынышта құтымызды кім қашырды? “Көп ұзамай бұл сұраққа міндетті түрде жауап беріледі”,- деді баяндама жасағандар. Қазіргі таңда белгілісі, тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар өздерінің жоспарларына деструктивті және қылмыстық топтарды тартқан. Оларға қару беріп, іс-әрекеттерін үйлестіріп отырған. Қоса кетерлігі, бүгінде адам өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасаған бірқатар бүлікшінің кім екені мәлім.

Ризабек Ожаров, ҚР Бас прокуратурасы Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы:

– Олардың қатарында “Дикий Арман” лақап атымен танымал Жұмагелдиев және оның топ мүшелері де бар. Бұл тұлға туралы жеке тоқталып өтейін. Оның қаруланған адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстаған. Оларды бір жерден екінші жерге апарып, ұрып-соққан, нәтижесінде бір адам қаза болған. Бұдан басқа, қарақшылар 12-ші қалалық ауруханада полиция қызметкерін қатты соққыға жығып, қызметтік қаруын тартып алған.

Бүлікшілерден ғимараттарға да зақым келгені мәлім. Ұсынылған дерекке сүйенсек, 1500-ден астам нысан бүлінген. Ал қираған көліктердің саны 700-ден асып жығылады.

Байболат Култанов