Аптадағы маңызды жаңалықтар

1 млн қазақстандықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді

Қарызға батқандар мен кедей адамдардың үлесі артып барады. Қазіргі таңда 1 млн-ға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. “Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгін Президенттің қатысуымен Үкіметтің кезекті кеңейтілген отырысы өтті.

Жиында мемлекет басшысы орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген есептің нағыз көзбояушылық екенін қадап айтты. Елімізде жәрдемақы және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар аз емес. Соңғы бес жылда халықтың жалпы табысында еңбек кірістерінің үлесі 80 проценттен 67 процентке дейін қысқарды. Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс берушілердің пайдасы және нарықтағы бағаның өсуімен еңбеккерлер айлығының артуын салыстыруға келмейтінін де атап өтті. Соңғысы, өкінішке қарай, тым баяу көбеюде. Айтуынша, соның салдарынан қарызға батқан азаматтар мен кедей адамдар саны көбейіп барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар, орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс. Халықтың табысын арттырып, адамдардың табысы арасындағы алшақтықты азайту керек. Табыс – халықтың әл-ауқатын және ертеңгі күнге сенімін арттырудың басты факторы. Өкінішке қарай, соңғы уақытта халықтың табысы экономиканың жақсаруы есебінен емес, әлеуметтік трансферттер есебінен өсіп отыр.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент атом электр станциясының құрылысын қолға алу қажеттігін айтты. Бүгінде энергиямен жабдықтау жүйесі жұмысында тұрақты үзілістер байқалады. Еліміз ішінара көршілес мемлекеттердің қуат жүйесінің жұмыс сапасына тәуелді. Сондықтан, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шұғыл түрде шешу керек. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев таза ядролық энергиясыз инвестицияны айтпағанда, бүкіл экономикадан айырылатынымызды айтты. Осылайша аймақтық көшбасшылығымызды да жоғалтып алуымыз мүмкін. Мемлекет басшысы жиында министрлер кабинетіне де бірқатар тапсырма жүктеді. Соның бірі – Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған ақша мен онда сатып алынған активтерді қайтару жоспарын әзірлеу. Міндетті орындауға 2 ай уақыт берілді.

Бердимурат Баймухан