Білім сапасын арттыру үшін мұғалімдерге жайлы жағдай жасау қажет. Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа отырысында бірінші болып осы мәселе талқыланды. Соңғы екі жылда облысқа 1300-ге тарта мұғалім келген. Дені – жастар. Жиында білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков мектептерде орын алып жатқан өзгерістерге де тоқталып өтті.
Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Баланың ойын арттыру және оқыту қағидалары негізінде мемлекеттік стандарттар өзгерді. Оқу бағдарламаларын жаңарту аясында 1-ші сыныпқа цифрлық сауаттылық енгізілді. Ал жоғары сынып оқушылары жан-жақты даму үшін экология, парасаттылық, медиасауаттылық, кәсіпкерлік және бизнес негіздері ұсынылды. Баланы мектептерге қабылдау және оны бағалау барысы да өзгертілді.
Жыл сайын білім саласына қыруар қаржы бөлінеді. Былтыр бұл бағытқа 99 млрд теңге жұмсалған. Нәтижесінде 52 білім беру мекемесіне күрделі жөндеу жүргізілді, 84 ауыл мектебі жаңғыртылды. Оқушыларды тасымалдау үшін 18 көлік сатып алынған. Ал биыл 83 ауыл мектебін қайта жаңғыртудан өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мектептерде оқушы орындарының жетіспеушілігі байқалады.
Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Облыс орталығында оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселесі әлі күнге дейін өзекті. Өткен жылы 900 орынға шақталған мектеп ашқан болатынбыз. Енді алдағы уақытта Қапай кентінде тағы 1200 орынға арналған нысан салынбақ. Осымен мәселе түбегейлі шешіледі.
АҚШ-тың Аризона университетімен әріптестік орнатқан өңірдегі жалғыз оқу орнында да оң өзгеріс көп. Алдағы оқу жылында бірлесіп әзірлеген 10-ға тарта оқыту бағдарламасы жүзеге асырылады. Студенттердің ағылшын тілін оқу әдістері жетілдіріледі. Түлектерге екі диплом беріледі әрі соңғы курста 1 семестр бойы Аризона университетіне барып, білімдерін толықтыра алады. Жиынға қатысқан өңір жетекшісінің орынбасары Ғани Нығыметов жастардың тәрбиесіне тоқталды. Педагогтар қауымына осы бағытқа да назар аударып, тәрбиелік іс-шараларға ерекше мән беру қажеттігін айтты.
Ғани Нығыметов, облыс әкімінің орынбасары:
– Жас ұрпақ – біздің еліміздің ертеңі. Балаларға сапалы білім беріп қана қоймай бойларына патриоттық құндылықтарды да сіңіру қажет.
Сөз соңында Ғани Нығыметов колледж басшыларына бизнес өкілдерімен әріптестік орнатуды тапсырды. Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде жастар арасында жұмысыздық азаяды, кәсіпорындарда кадр тапшылығы мәселесі шешіледі.
Алдияр Айтпаев