Өрт оқиғасы Караван көшесіндегі үйлердің бірінде болды. Қызыл жалынды алғашқылардың бірі болып Галина Бесфатер байқап қалыпты. “Түн ішінде ит тоқтаусыз үргесін терезеден қарадым, сонда көршімнің сарайы лаулап жанып жатқанын көрдім”,- дейді. Бірден үй иелерін оятуға барған екен. Тілсіз жау дереу ауыздықталып, сөндірілген. Рейд барысында қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының маманы мен еріктілер зейнеткердің баспанасына бас сұғып, пештің жай-күйімен танысты. Пештің алдында қаңылтыры жоқ екен.
Ақыл-кеңестен бөлек, Төтенше жағдайлар басқармасының маманы Даниэль Саркисян жаднама да ұсынды. Онда қауіпсіздік ережелері бүге-шүгесіне дейін жазылған.
Галина Бесфатер, қала тұрғыны:
– Негізгі ережелерді білем. Пеш жаққасын ешқайда бармай, үнемі қарап отырамын. Отынды пештен алыстау жерде кептіремін. Ол үшін арнайы жәшік дайындап қойғам. Жер үйде тұрған соң мұқият болу қажет.
Рейд барысында арнайы топ тілсіз жау бас көтерген баспанаға да барды. Алайда, үй иелерімен тілдесу мүмкін болмады. Есесіне, тұрғын жайдың іргесіне төгілген күлді көрдік. “Бұл өте қауіпті”,- дейді маман. Айта кетерлігі, соңғы уақытта Петропавлда қабырғаға бойлай тасталған ыстық күлден туындаған өрт оқиғалары жиілеген.
Даниэль Саркисян, қалалық ТЖ басқармасының аға инженері:
– Жыл басынан Петропавлда мұндай 5 оқиға орын алды. Соңғы үшеуі өткен аптада тіркелді. Жер үйде тұратын азаматтардан күлді үйден және шаруашылық мақсаттағы нысаннан алыстау жерге төгуді сұраймыз. Сондай-ақ, оның толық сөнгеніне көз жеткізу керек.
Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 12 өрт оқиғасы болған.
Байболат Култанов