Бәрін алдап жүрген алаяқтың өзі студент. 20 жастағы пысықай өз қатарластарын таныстары арқылы тауып, оларға несиеге телефон алып беруді сұраған. Кредитті өзім жабамын, ал сендерге сыйақы ретінде 10 мың теңгеден төлеймін деп сендірген. Жәбірленушілер алған телефондарын алаяққа беріп, уәде етілген 10 мың теңгелерін алған. Бірақ, қудың құрығына түскен жастар біраз уақыттан кейін несиелерінің жабылмағанын біледі. Осылайша, полиция департаментіне түскен бірнеше арыздан кейін тәртіп сақшылары баукеспені құрықтайды.
Қазіргі уақытта алданып қалған студенттерге келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуықтап отыр. Енді оларға оқудың ақшасымен бірге алаяққа алған несиелерін де жабуларына тура келеді.
Жангелді Әпенов, қалалық ПБ аға жедел уәкілі :
– 20 жастағы Петропавл тумасы ұсталды. Ол осы қылмыстарды мойындап, қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен тіркеліп отыр. Аталған баптың жазасы – 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Петропавлда өткен жылдың қарашасында дәл осылай әрекет еткен тағы бір алаяқ ұсталған болатын. Полицейлер тұрғындарға күмәнді ұсыныстарға келіспеуге және жеке мәліметті ешкімге бермеу қажеттігін ескертеді.
Дана Ешкенова