Қазіргі күні мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы облыстағы барлық мекемелермен тығыз жұмыс істейді. Мамандар мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ай сайын бақылау жүргізеді. Былтыр ұйым мүшелері облыс көлемінде 32 тексеріс жүргізіп, 230-ға жуық заңбұзушылық анықтаған.
Азамат Байтеміров, мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының мүшесі:
– 2020 жылы 664 жағдайда мемлекеттік қызмет дұрыс көрсетілмеген. Ал өткен жылы статистика едәуір төмендеді. Тіркелген олқылықтардың дені мемлекеттік қызметті уақытылы көрсетпеумен байланысты. Бірақ, оның өзі адами және техникалық факторлардың салдарынан туындаған. Өрескел қателік жасаған мамандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Былтыр облыста «e-gov» порталын қолданушылардың да саны артыпты. Рейтингінің жоғары сатысында Есіл, Қызылжар, Айыртау, Мамлют, Шал ақын және Ақжар аудандары мен Петропавл қаласы тұр. Аталған елді мекендерде мемлекеттік қызмет түрлерінің 90 пайызы электронды түрде көрсетілген. Бұл дегеніміз халықтың цифрлық сауаттылығы жыл сайын артып келеді дегенді білдіреді.
Махаббат Самрат, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының баспасөз хатшысы:
– Бүгінгі күні облыс бойынша 5 млн–нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 98 пайызы электрондық форматта жасалған. Бұл мемлекеттік қызмет берушілер мен «Электронды үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің нәтижесі болып табылады.
Мемлекеттік қызмет сапасын бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Бердимурат Баймухан