Қылмыс

СҚО-да бір айда 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тапқан

Құжатынан айрылса да көлік рөлінен түспеген. Облыс орталығында уақытша көлік жүргізуге құқығы жоқ ер адам темір тұлпар тізгінінде тоқтатылды. 38 жастағы қала тұрғыны енді 150 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 тәулікке қамауға алынады. Жалпы, өңірде жыл басынан бері жол жүру ережелерін бұзуға қатысты 2600-ден астам факті тіркелді.

350-ге жуық жүргізуші жылдамдықты асырған, тағы 300-ге тарта азамат қауіпсіздік белдігін тақпаған. Масаң күйде көлік тізгіндегендер де бар. Осындай өрескел әрекетке барған 51 адамды полицейлер жолда тоқтатып, айыппұл салған. Жол жүру ережесін жаяу жүргіншілер де бұзған. 215 адам жолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Бір айда облыс аумағында 15 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 6 адам қаза тапты, 20 адам жарақат алды.

Алдияр Айтпаев