Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсiпкерлiк және индустриялық-инновациялық даму басқармасының алқа отырысы өтті

Жиынға келгендер ең алдымен өңір кәсіпкерлерінің өнімдері жайғастырылған көрмені тамашалады. Қойылған тауарлардың арасында «Татаева» жеке кәсіпкерлігі әзірлейтін аяқ киімдер де бар. «Весна» брендімен шығарылатын пималарды тігуді петропавлдық іскер 3 жыл бұрын бастаған.

Күләш Татаева, «Татаева К.Т.» ЖК директоры:

– 2018 жылы «Даму» қорынан 18 млн несие алып, қондырғы сатып алынды. 2019 жылы – 3 мың, ал 2021 жылы 6 мың дана аяқ киім істедік. Тағы өткен жылы басқа аяқ киімдерді де қостық. 15 жұмысшымыз бар.

Кейін ауқымды жиын басталды. Ең алдымен облыс әкімі өткен жылдың негізгі экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. 2020 жылмен салыстырғанда өнеркәсіп пен құрылыста өсім – 105,8, саудада – 100, баспананы пайдалануға беруде – 115, ал ауыл шаруашылығында 87,9 пайызды құраған. Әрине, соңғысында бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Бірақ, оған құрғақшылық кедергі келтірген. Диқандар тұқым жаңартып, уақытында тыңайтқыш сепсе де орташа гектар берекелігі небәрі 11 центнерді құрапты. Шаруашылықтарда өткен жылы заманауи техниканың үлесі артқан. Аграрийлер 67 млрд теңгеге 2400 техника сатып алған. Сондай-ақ, мал шаруашылығы бағытында өндірілген өнім көлемі артқан.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрлық салада бір жылдың ішінде өнім көлемі 779 млрд теңгеден 895 млрд теңгеге жеткен. Өсім 116 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығындағы өсім жаңа кешендерді іске қосу арқасында қамтамасыз етілді. Былтыр 10 сүт фермасы іске қосылды. 2021 жылы біз 590 мың сүт тонна өндіруді жоспарлап едік. Бұл жоспар асыра орындалды. Біз барлығы 635 мың тонна сүт алдық. Биыл тағы 10 сүт кешені мен екі мал бордақылау алаңын және екі құс фабрикасының құрылысы жалғасады.

Өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер де жаман емес. Бірқатарына облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек тоқталып өтті. Соңғы 5 жылда өңірдің өнеркәсібіне құйылған инвестиция көлемі 2 есеге артып 332 млрд теңгені құраған. Осы аралықта 3 мың жаңа кәсіпорын жұмысын бастапты. Тиісінше, салық түсімі де молайған.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 364,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5,8 пайызға көп. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 3,8 пайызды ғана құрайды. Қазіргі күні аталған салада 576 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Соның 39-ы – ірі өндіріс ошақтары. Зауыттарда қондырғылар жаңартылып, жаңа өнім түрлері шығарыла бастады. Нәтижесінде ірі кәсіпорындардың тапсырыс портфелі 1,3 есеге артты. Яғни, машина жасау саласында өндіріс көлемі 33 пайызға өсіп, 80 млрд 700 млн теңгені құрады.

Сан салаға тартылған инвестицияны игерудің нәтижесінде бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоспар да көп. Айталық, алдағы уақытта 2 жылыжай кешенін салу көзделіп отыр. Солардың бірін «Радуга» серіктестігі іске асырмақ.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

Жоба құны – 6 млрд теңге. 50 жаңа жұмыс орны құрылады. Жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл қос жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділігіміз азаяды.

Туризм саласына келер болсақ, бұл бағытта негізінен ауқымды жұмыс Айыртау ауданында атқарылуда. Осы ретте Құмар Ақсақалов ең бастысы инфрақұрылымға баса назар аудару қажеттігін айтты. Яғни, демалыс орындарына баратын жолдарды қалыпқа келтіру қажет.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шалқар мен Имантауға апаратын жолдар қалыпқа келтірілді. «Солнечный ВИП» базасына дейінгі трассаға да өткен жылы асфальт төселді. Енді ішкі жолдарды жөндеу қажет. Осы ретте экологияға нұқсан келмеуі тиіс. Яғни, жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде сол жердің табиғаты зардап шекпеуі қажет.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» қорының өкілдері бизнесмендерді қолдау шаралары жайлы айтып берді. Кездесуді қорытындылаған өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов салада оң өзгерістер бар деді. Бірақ, кемшін тұстар да аз емес. Айталық, Қызылжар ауданы инвестиция тарту бойынша өзгелерге қарағанда көш соңында келеді. Мұнда шетелдің қалталы азаматтарын тарту жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Ауданда іс ашамын деген «Джондир» мен «Ростсельмаш» компанияларына бір жылдан бері жер телімін бере алмай келеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Ростсельмаш» компаниясы бүгіндері сервистік орталық салуға әзір. Ал сіздер жұмысты созып, әлі күнге дейін жер телімін бере алмай отырсыздар. Бір жыл болды бірнеше нұсқадан біреуін таңдай алмай жатқандарыңызға. Дәл сондай мәселе «Джондир» компаниясына да қатысты туындап отыр. Осылай жұмыс істейтін болсаңыздар, инвесторлар өзге өңірлерге кетіп қалады. Жалпы, Қызылжар ауданының потенциалы жоғары. Бірақ, жөнді жұмыс істей алмай отырсыздар. Салдарынан ауданға тартылған инвестиция көлемі де аз. Бар болғаны 75,6 пайызды құрайды.

Ал кей аудандардың бизнесмендері мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құлықсыз. Бұл ретте «Қарапайым заттар экономикасы» атты жобаның мүмкіндіктерін өткен жылы Есіл, Жамбыл, Тимирязев, Шал ақын және Уәлиханов аудандарының кәсіпкерлері мүлдем пайдаланбаған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл кәсіпкерлердің белсенді емес екендігін көрсетеді немесе олар бағдарлама жайлы білмейді. Яғни, ақпараттандыру жағы ақсап тұр. Бизнес өкілдерімен әкімдер өздері жұмыс істеп, қандай іс бастауға болатындығын талқылауы керек. Мемлекет қолдау көрсетеді, сондықтан аудан әкімдеріне айтарым, қолды қусырып отырудың қажеті жоқ.

Магжан Ахмадина