Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Қазіргі күні жастардың көбісі телефонға тәуелді. Бұл – шындық. Әлеуметтік желіге таңылған адам осылай ешқандай пайдасы жоқ видеоларды қарап уақытын зая кетіреді. Онымен қоймай денсаулыққа да қаншама зиян келеді. Бірінші кезекте көздің көруі нашарлайды.
Мәселен, былтыр Петропавлдағы офтальмологиялық орталыққа 7900-ге жуық адам жүгінген екен. Денсаулығына шағымданғандардың көбісі «катаракта» мен «глаукома» секілді көз ауруларына шалдығып, ота жасатқан. Көру қабілетінің төмендеуі бойынша жүгінген адамдардың қатары да қалыңдаған.
Наталья Аношина, офтальмологиялық орталық дәрігері:
– 2021 жылы біздің орталықта 1500-ге жуық адамның көзіне ота жасалды. Бұрын катаракта мен глаукомаға 70-тен асқан адамдар ғана шалдығатын, қазір аталған көз дерттері жыл сайын жасарып барады. Бұл – заманауи гаджеттерді шектен тыс пайдаланудың салдары.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта жастар арасында да көзге ота жасатқан не көру қабілетін жақсартуға ниет танытып жүрген жандардың қатары көп. Оны күнде естіп-біліп жүрміз. Осы орайда елордаға барып, медициналық көмекке жүгінуді жоспарлаған қала тұрғындарымен кездестік. Динара Жетеева – 24 жаста. Нәзікжанды студент кезінен бері компьютермен тығыз жұмыс істейді. Себебі, оқуы мен жұмысында ғаламтор ауадай қажет. Заман игілігін шамадан тыс пайдаланғандықтан көру қабілетім нашарлап, жүріп-туруыма кедергі келе бастады дейді. Көшеде жүргенде де жазбалар мен адамдардың бейнесін ажырату қиын.
Динара Жетеева, қала тұрғыны:
– Менің көру қабілетім университетте оқып жүрген кезімнен нашарлай бастады. Студент кезімде ноутбук пен смартфонды жиі қолдандым, әлеуметтік желілерде көп отыратынмын. Қазір көзімнің диоптриясы -3-ті құрайды. Биыл күзде Нұр-Сұлтан қаласына барып лазерлік коррекция жасатпақшымын. Отаның бағасы қымбат. Шамамен 300 мың теңге тұрады.
Көзінің өткірлігін қалыпқа келтіру үшін Вячеслав Чинишлов та ақша жинап жүр. Ер азаматтың көзі бала кезінен нашар. Қазіргі күні көру қабілеті -6-ға дейін төмендеп кеткен. Соңғы уақытта кең таралған лазерлік коррекцияны жасатуға ол 400 мың теңгеден аса қаржы жұмсамақшы.
Вячеслав Чинишлов, студент:
– Бірінші сыныптан бері көру қабілетім нашар. Бұл – туа біткен ауру. Көзімнің нашарлауына смартфон мен компьютер де көп кері әсерін тигізді. Қазіргі күні әлеуметтік желілерде көп отырмаймын. Жұмыс уақытында көзіме жаттығу жасап тұрамын. Уақыт өте келе денсаулықты сақтаудың маңыздылығын түсініп жатырмын.
Медициналық процедурасыз көру қабілетін сақтап, оны жақсарту үшін қандай шара қолданған жөн?
Наталья Аношина, офтальмологиялық орталық дәрігері:
– Заманауи гаджеттер көбейгендіктен адамдар қимыл-қозғалыс жасауды азайтты. Кішкентай экранға үңіліп бір орында ұзақ уақыт отырып қалады. Бұл да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Сол себепті, жиі қимылдап, дене шынықтырумен айналысуға кеңес береміз. Таза ауада көп серуендеу керек. Телефонға телміргенше кітап оқыған әлдеқайда пайдалы.
Мамандардың пікірінше қазіргі күні мектеп жасындағы әр 10 оқушының 9-ында көру қабілеті нашар. Дәрігерлер ата-аналарға балаға смартфонды көп ұстатпауға кеңес береді.
Бердимурат Баймухан