Бүгіндері өңірде 3 мыңға жуық спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл олардың қатары тағы 6-уымен толықпақ. Жобалардың ең ауқымдысы – облыс орталығында тұрғызылатын спорт сарайы болмақ.
Пушкин-Крепостной-Жұмабаев-Чкалов көшелерінің қиылысында бой көтеретін нысанның бүгіндері жобалық-сметалық құжаттары дайын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тұрғызылатын ғимараттың ішінде көпсалалы арена, спорттық атуға арналған алаң және тағы 17 спорт түрін қамтитын бірнеше зал болады. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы бірқатар нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Сергей Мелехов, СҚО дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы:
– Ағымдағы жылы «Қарасай» стадионын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. «Жастар» стадионындағы жасанды жабындыны алмастыру жоспарда бар. Бүгіндері 6 спорт нысаны тұрғызылып жатыр. Соның 5-уі аудандарда салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру орталықтары болса, біреуі – спортта дарынды балаларға арналған спорт колледжінің жатақханасы. Ол 244 орынға шақталған.
Айта кету керек, биыл аталған колледжден алғашқы түлектер түлеп ұшпақ. Сөйтіп, өңір спорты 330 маманмен толығады. Өткен жылы өңірімізде 410 спорттық іс-шара өткізіліпті, солардың 60-ы – республикалық және халықаралық дәрежедегі додалар. Облыс спортшылары түрлі дәрежедегі 1500 медаль жеңіп алған. Бүгіндері ел намысын байрақты додаларда қорғап жүрген 91 солтүстікқазақстандық саңлақ арнайы стипендия алады. Алдағы күндері Пекинде өтетін 24-ші Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғауға солтүстікқазақстандық спортшылар да ат салысады.
Сергей Мелехов,СҚО дене шынықтыру және спорт басқарамасының басшысы:
– Иван Аржаников 500 және 1000 метр қашықтыққа конькимен сырғанаудан өнер көрсетеді. Ал наурыздың 4-і мен 13-і аралығында өтетін параолимпиада ойындарына Ербол Хамтов, Сергей Усольцев, Александр Герлиц қатысады. Командаға Қайрат Қанафин де қосылуы тиіс. Ұлттық құраманың капитаны – біздің жерлесіміз Александр Герлиц.
Жиналғандар спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс тіледі. Бүгіндері 186 мың солтүстікқазақстандық спортпен шұғылданады екен. Солардың 21 мыңы – балалар. Осы ретте жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов балғындарды бұқаралық спортқа тарту жұмысын ақсатып алмау қажет деді.
Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің оранбасары:
– Облысымызда 4 пен 17 жас аралығындағы 106 мыңнан астам бала бар екен. Солардың 45 мыңнан астамы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен оқу ордаларындағы тегін спорттық секцияларға барып жүр. Бұл мақсатқа мемлекеттен 4 млрд теңге қаржы бөлінді. Осы ретте жаттығулар мен сабақтардың сапасы ақсап қалмауы тиіс.
Алдағы уақытта әрбір селолық округте спорт инстукторлары жұмыс істемек. Бір қызығы, кейбір аудандарда мұндай мамандар бар екен. Тек қағаз жүзінде ғана. Келешекте мұндай олқылыққа жол берілмеуі тиіс деді Ғани Нығыметов.
Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің оранбасары:
– Ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында берілген тапсырмаларға сай, арнайы жол картасы құрылды. Оның 140-шы пунктінде спорт нұсқаушысы болуы тиіс делінген. Мұндай маман балалар спортын дамыту үшін қажет. Биыл 218 спорт инструкторы жұмысын бастауы керек. Аудандардан келетін есептерде сондай 211 маман бар делінген. Бірақ, ол тек қағаз жүзінде ғана. Осындай азаматтарды нақты штаттық бірлікке бекітіп, жұмыспен қамту қажет.
Биылғы жыл елімізде балалар жылы болып жарияланды. Соның аясында жастардың қатысуымен өтетін спорттық шаралардың санын арттыру қажет. Осы ретте Ғани Нығыметов қала әкімдігінің жұмысын сынға алды. Облыстық спорт басқармасына қарайлай бермей, өздігінен түрлі шаралар ұйымдастыру тапсырылды. Жиында тағы «Солтүстік» және «Ақ бидай» ойындарына дайындық жайлы сөз қозғалды. Спорттық шараларды өткізетін аудандардың өкілдері әзірліктерін баяндап берді.
Магжан Ахмадина