Жыл басынан бері облыста 9 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 5 адам қаза тауып, 12 адам жарақаттанған. Апаттардың басым бөлігі трассаларда орын алған. Көп жағдайда темір тұлпар тізгіндегендер жол үстіне шыққан жануарларды қағып кеткен. Одан бөлек ақ түтек боранда сапарға шығып, өзге көліктермен соқтығысқан.
Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары жолдағы бақылауды күшейтті. Полицейлер апат болу қаупі жоғары трассалардың бойына жануарлар мен патрульдік көліктердің макетін қою үстінде. Өткен жылы облыс аумағында 300-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. 40 адам қаза тауып, 400-ден астам адам жарақат алған. Қолға алынып жатқан шаралар жолдағы оқыс оқиғалардың саны азайтуға септесуі тиіс.
Григорий Тыш, СҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары:
– Қолайсыз ауа райы кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Жол-көлік оқиғалары мен төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында тиісті шаралар қабылданады. Облыс тұрғындарынан дауылды ескерту туралы хабарлама түскен кезде алыс жолға шықпауды сұраймыз. Сондай-ақ, жүргізушілерге қозғалыс кезінде қашықтықты сақтау қажеттігін ескертеміз.
Бердимурат Баймухан