МТРА жаңалықтары

Бағаны тұрақтандыру қорында тауар жеткілікті

Алқаптан тура қоймаға. Жергілікті «Радуга» серіктестігі өңірлік аграрийлерден алғашқы қажеттіліктегі көкөніс түрлерін күз айында сатып алады екен. Бұл уақытта азық-түліктің бағасы өте арзан болады дейді кәсіпорын өкілдері. Мәселен, «Зенченко и К» командиттік серіктестігі мұнда 4 жыл қатарынан картоп жеткізіп келеді, ал сәбіз болса тайыншадағы «Астық-STEM»-нің алқабынан әкелінеді, орамжапырақ болса «Агрос» серіктестінен сатып алынады. Қалған тауар түрлері басқа өңірлерден жеткізіледі. Атап айтар болсақ, өсімдік майы – Шығыс Қазақстаннан, ал күріш Сыр өңірі – Қызылордадан әкелінген.

Тонналаған азық-түлікті бүлдіріп алмай көктемге дейін сақтау керек. Бұл тауардың жетіспеушілігі туындаған кезінде бағаны тұрақтандыру үшін қажет. Қазіргі күні «Радуга» серіктестігінде мынадай 5 түрлі қойма бар. Ол жерде картоп, сәбіз бен орамжапырақтар белгілі бір температурада қыс бойы сақталады. Көкөністердің бүлініп кетпеуі үшін температуралық режимнен бөлек оларды озондау әдісі де қолданылады екен.

Максим Ванюшин, «Радуга» ЖШС қойма логистикасы және көкөніс сақтау бөлімінің жетекші менеджері:

– Апта сайын камераларда озондау жұмысын жүргізіп тұрамыз. Себебі, көкөністерден газ бөлінеді. Ал озон қойма ішіндегі артық иістерді жойып, микробтарды өлтіреді. Осылайша, азық-түлік өнімдері ұзақ уақыт бүлінбейді.

Тауарларды дүкенге жөнелтпестен бұрын қызметкерлер оны сұрыптайды. Кепкендерін алып тастайды және көкөністердің сыртын тазалайды. Кейін өңделген өнім қаладағы базарлар мен басқа да үлкен сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Биыл бағаны тұрақтандыру қорына 4 жарым мың тонна тауар сатып алынған. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Ғамали Жұмашов, «Солтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Биыл біз 1300 тонна картоп, 250 тонна орамжапырақ, 200 тонна сәбіз, 3,5 мың тонна ұн және 534 тонна өсімдік майы мен 680 тонна қант сатып алдық. Бағана тұрақтандыру қорының өнімдері Петропавлдағы «Аймер», «Магнум», «Пирамида», «Северный» супермаркеттері және “Алтын Арман”, “Дәрия”, “Корона” мен коммуналдық базарда сатылады.

Азық-түліктің бағасын нақтыламақшы болып, аталған супермаркеттердің біріне бардық. Мұнда бағаны тұрақтандыру қорының қырыққабаты мен пиязы 95 теңгеден сатылып жатыр. Ал сәбіз бен картоптың 1 келісі 115 теңге тұрады. Арзан тауарлар барлығына қолжетімді болу үшін мұндағы көкөністі сатып алу көлеміне қатысты шектеу қойылыпты. Яғни, бір қолға тұрақтандыру қорынан келіп түскен өнімдерден 3 және 5 келіден көп берілмейді. Тұрғындар азық-түліктің бағасы мен сапасына көңіліміз толады дейді.

Мен азық-түлікті осы жерден жиі аламын. Әсіресе, жұмыртқа, сәбіз бен картоптың құны арзан.

– Бағалары көңілімнен шығады. Көкөністер басқа дүкендерде қымбат тұрады. Сол себепті, осында ғана келемін.

Бердимурат Баймухан