Соңғы жарты жылдың ішнде Петропавл 2-ші жылу электр орталығында осыменен 3-ші мәрте ақаулық орын алды. Соңғы жағдай – яғни 22-ші қаңтарда мұнда төрт қазандық істен шыққан екен. Әйтсе де тұрғындар жылу және жарықтан ажыратылған жоқ. Қазір энергия өндіруші нысанда қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ержан Қоңырбаев, Петропавл 2-ЖЭО директоры:
– Бар-жоғы бізде – 12 қазандық. 2-ші қазандық мүлдем алынып тасталған еді. Оның орнында осы жылдың аяғында жаңа қазандық тұрады. Оған 9,5 млрд теңге ақша жұмсалады. 9-шы қазандық та жоспарлы жөндеу жұмысына алынып тасталды. Сонда бізде 10 қазандық қалды. Қаңтардың 22-сі күні бір уақытта үш агрегат істен шықты. Содан кейін резервтен қосылған 2 қазандық та істен шықты. Сонда бізде 5 қазандық қалды.
Күз-қыс мезгілінде 12 қазандықтың кем дегенде 8-і жұмыс істеп тұруы қажет екен. Қазіргі таңда агрегаттардың 7-еуі жұмыс істеп тұр. Ертеңге дейін тағы біреуі қосылмақ. Тұрғындарды толғандырған тағы бір сұрақ. Жылуға қайта есептеу жүргізіле ме?
Михаил Косачёв, “Севказэнерго” АҚ бас директоры:
– Жылуға қайта есептеу жүргізіледі. Бұл тұтынылған энергияны есептейтін құрылғылары жоқ абоненттерге қатысты. Қай жерде жылуға қатысты шығын болғанын тұрғындардан келіп түскен өтініштер арқылы анықтаймыз.
Жиі орын алатын ақаулардың нысандағы жабдықтардың ескіруімен байланысты екен. 2-ші жылу электр орталығы осыдан 60 жыл бұрын салыныпты. Сондай-ақ, мұнда кадр жетіспейді. Барлығы – 120 маман қажет екен.
Алдияр Айтпаев