Бизнес және экономика

Кәсіпкерліктердің бірі тиісті ақысын ала алмай жүр

Даудың бәрі сүрілген жер үйлерден басталған. 2020 жылы «Кушеров» жеке кәсіпкерлігі «Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар» кәсіпорнымен 58 нысанды сыру бойынша келісім-шартқа отырыпты. Шаруа толықтай тындырылған, бұл ретте ешқандай проблема жоқ. Бірақ, екінші тізімдегі 63 баспананы сүрмес бұрын қос тараптың арасында бірде-бір құжат рәсімделмеген екен. Салдарынан кәсіпкерлік еңбегінің ақысын ала алмай отыр.

Инесса Қуанова, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:

– Кәсіпкер нысандарды неліктен ешбір келісім-шартсыз сүргенін түсіндіріп берді. Сөзінше, тапсырыс берушілер белгілі бір себептерге байланысты шаруаны шұғыл түрде тындыру керек деп айтқан. Сүрілген үйлер мен тазаланған орын үшін 19 млн теңгеге жуық қаражатты кейін міндетті түрде өтейміз деп сендіріпті. Арада 2 жылға жуық уақыт өтсе де уәде әлі күнге дейін орындалған жоқ.

Ескі үйлердің сырғызған ұйым тиісті келісім-шарттың жоқтығынан және бұл жұмысқа қаржының бөлінбегенінен жауапкершіліктен жалтарған. Ал құр сөзге сеніп сан соғып қалған кәсіпкер қолында әділдікке жеткізетін тиісті айғақтардың барын айтады. Ол сүрілген нысандардың кейбірін суретке түсіріп алған екен әрі орнын тап-тұйнақтай ету үшін техника да жалдапты.

Инесса Қуанова, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрайымы:

– Біз шиелініскен мәселенің шешімін табуға барынша тырысып жатырмыз. Келісім-шартқа отырып, кәсіпкерлікке тиесілі ақшаларын беруді ұсынудамыз. Ол үшін барлық құжаттарды қайта қарастырып, 63 нысанды жеке-жеке тексеру қажет. Айту керек, бүгінге дейін проблеманы біржақты етуге ешкім айтарлықтай құлық танытпаған.

Шамамен 1 жарым сағатқа созылған жиынның тоқетері – осындай. Енді облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері бір рет бұл іске қатысы бар жандардың барлығын жинап, әрқайсысының пікіріне құлақ аспақшы.

Алтынай Казиканова