Білім

Назарбаев Зияткерлік мектебіне құжаттар қабылдау жалғасуда

Өңіріміздегі беделді мектептердің бірінде білім алғысы келетін оқушылардың саны жыл санап артуда. Мысалы, өткен жылы Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге 500-ден аса ұл-қыз ниет білдірген екен. Олардың арасында өзге қалалардың оқушылары да болған. Ал биыл қабылдау комиссиясының жұмысы қаңтардың 5-сі басталған. Бүгінге дейін 100-ге жуық өтініш келіп түскен.

Данияр Уәлиев, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

-Біз 6-шы сыныпта оқып жатқан оқушыларды бізге келесі оқу жылына 7-ші сыныпқа түсу үшін құжат қабылдап жатырмыз. Құжаттар ақпанның 21-іне дейін қабылданады. Кейін 14-ші және 15-ші сәуір күндері бұл ұл-қыздар тест тапсырады. Сол сынақтан сүрінбей өткендер біздің мектепте келесі оқу жылынан бастап білім ала алады.

Енді әр үрдіске жіті тоқталайық. Алдымен зияткерлік мектепке түсуге іріктеу конкурсына қатысу үшін қабылдау комиссиясына үміткер келесі құжаттарды тапсыруы тиіс.

1. Конкурсқа қатысу үшін өтініш беру;

2. Сауалнама толтыру;

3. Үміткердің туу туралы куәлігінің көшірмесі, үміткер ЖСН, бар болған жағдайда жеке бас құжатының көшірмесі, заңды өкілінің ЖСН көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі;

4. Үміткердің соңғы оқу жылындағы үлгерімі мен тәртібі туралы табелінің расталған көшірмесі.

Кейін оқушылар білім деңгейін дәлелдеу үшін 2 кезеңнен тұратын сынақ тапсырады. Алғашқысында оқушылар математика мен жаратылыстанудан тест тапсырады. Ал екіншісі – гуманитарлық бағыт бойынша. Яғни, оқушылар қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндері бойынша тест тапсырмаларын орындайды.
Тестілеуден өтіп, жоғары ұпай жинаған оқушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен» грантына ие болады. Бұл ұл-қыздарға білім ордасында тегін оқуға мүмкіндік береді.

Данияр Уәлиев, Химия-биология бағытындағы НЗМ директоры:

-Сондай-ақ, мектеп және спорт формасы да тегін беріледі. Тағы ауыл-аймақтан келгендер үшін арнайы жатақхана қарастырылған. Жалпы, біз жыл сайын 140 оқушы қабылдаймыз. Өткен жылы сынақ нәтижесі бойынша 120 ұл-қыз қабылданды. Биыл енді 140 оқушыны алмыз деп отырмыз. 3 қазақ және 3 орыс сыныптары. Бірақ, бұл тест нәтижесі бойынша өзгеруі мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, құжат қабылдау комиссиясы ақпанның 21-іне дейін жұмыс істейді. Азаматтар балаларының құжаттарын дүйсенбі-жұма күндері таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін, ал сенбі күні 9-дан түскі 1-ге дейін тапсыра алады.

Дана Ешкенова