Өткен жылы өңір жолдарында 300-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алған. Солардың 29-ында жүргізушілер апат орнын тастап, зардап шеккендерге көмектеспестен қашып кеткен. Осындай жауапсыз жандардың кесірінен 2 адам қаза тапқан. Бүгіндері тәртіп сақшылары жол-оқиғасы болған жерден ізін суытқан 28 солтүстікқазақстандықты анықтаса, тағы 1 темір тұлпар тізгіндеген жанды анықтау, әзірге, мүмкін болмай отыр. Сондай оқиғалардың бірі жыл соңында тіркелді.
Қазақстан Конституциясы мен Гоголь көшелерінің қиылысында «Infiniti» көлігі 28 жастағы нәзікжандыны қағып кетіп, ізін суытқан. Келіншек аман, дәрігерлер оны қарап болған соң үйіне жіберген. Ал темір тұлпар тізгіндеген ер адамды тәртіп сақшылары апат болған күннен кейін 3 тәулік өткен соң ғана қолға түсірді. 23 жастағы петропавлдыққа жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынған.
Магжан Ахмадина