Аптадағы маңызды жаңалықтар

Азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол берілмейді

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

– Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр.

Бұл ретте Үкімет басшысы жауапты министрліктер мен атқарушы билік өкілдеріне бірқатар міндет жүктеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікті өндіру мен тұтыну көлемін есептеуі тиіс. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг жүргізіп, толық қуатқа шығару тапсырылды. Бұдан бөлек Премьер-Министр Әлихан Смайылов мынандай міндеттер жүктеді.

1. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту;

2.Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтау;

3. Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау;

4. Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1-ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.

Эльмира Садвокасова