Аптадағы маңызды жаңалықтар

2022 жылдың соңында сапалы жолдардың көрсеткіші 82 пайызды құрамақ

Солтүстік Қазақстан облысы автокөлік жолдарының қашықтығы бойынша ел көлемінде 3-орында тұр. Яғни – 9 мың шақырым. Оның 1970 км-і республикалық маңызы бар трассаға жатады. Жылма-жыл жолдың сапасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Қарапайым мысал. 2018-де жөндеуге 14,6 млрд теңге бөлінсе, былтыр сомма 24 млрд теңгеден асқан. Әсіресе, басымдық жұмыстың күрделі түріне беріліп жатыр.

Мақсат Баяхмет, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Бөлінген қаражат есебінен орта және күрделі жөндеу жұмыстарымен барлығы 813 км қамтылды. Осылайша жағдайы көңіл көншітерлік және жақсы деген жолдардың көрсеткіші 74 пайызға дейін жетті. Бұл 2020-мен салыстырғанда 5 процентке көп. Аудандық, облыстық және республикалық маңыздағы трассалардан бөлек, селоішілік жолдар да жөнделуде. Нәтижесінде 44 елді мекеннің 189 шақырымы қалыпқа келтірілді.

Аталған мақсатқа 17,7 млрд теңге бағытталды. Биыл бұл жұмыс жалғасын таппақ. Мәселен, “Қазавтожол” АҚ жергілікті филиалының өзі бірталай шаруа атқармақ.

Қуаныш Ескендіров, “Қазавтожол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Биыл филиалмен қашықтығы 211 шақырымды құрайтын 9 учаскені қалыпқа келтіру жоспарланған. Біреуі – былтырғы жоба. Кривощеково селосынан Сергеевка қаласына дейінгі 15 км қара жер болған. Енді оған асфальт төселуде. Қалған 8 нысан бойынша қазір конкурс ұйымдастырылуда. Жөндеу жұмыстарына 11,1 млрд теңге бағытталмақ.

Облыстық, аудандық маңыздағы трасса мен селоішілік жолдар да назарсыз қалмайды. Биыл жөндеу жұмыстары 372 шақырымда жүргізілмек. 2022 жылдың нәтижесі бойынша сапалы жолдардың көрсеткішін 82 процентке жеткізу көзделген. Жол қалыпқа келтірілмей жатқан жоқ емес, келтіріліп жатыр. Бірақ, сапасы кейде күмән келтіреді. Бөлінетін млрд-таған теңгенің шын мәнісінде игерілуін 2020-шы жылдан бері Ұлттық сапа орталығы қадағалап келеді.

Марат Дарбаев, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК СҚФ директорының міндетін атқарушы:

– 2021 жылы республикалық маңызы бар жолдардағы жүргізілген жұмыстың сапасы тексерілді. Мамандар 27 учаскеден 313 сынама алды. Нәтижесі бойынша 347 ескерту жасалды. 58 сынама нормативті-техникалық құжаттама талабына сай келмеді.

Облыстық деңгейдегі 29 объекті де жіті тексерістен өткен. Мұнда 82 олқылық анықталыпты. Бұған техникалық қадағалауға жауапты мамандардың учаскеде болмауы, яғни процесті бақыламауы себеп дейді Марат Дарбаев. Сөйтсек, жөндеу мен асфальттің қаншалықты сапалы салынып жатқанына бас-көз болатын қызметкер бір мезетте 3-4 жобаны алады екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– “Есильстройэкспертиза” компаниясы өткен жылы тексеріспен 100 нысанды қамтыған. Сондағысы жұмыс істейтін мамандардың саны – небәрі 15 адам. 15 адаммен 100 учаскедегі істі қалай бақылай аласыздар?! Техникалық қадағалаумен айналысатын басқа серіктестік жоқ па? Әбден монополист болып алғансыздар ғой.

Бірақ, ең бірінші кезекте жолдың сапасына сол жолды салатын не жөндейтін мердігер жауап береді. Кейбір компаниялар конкурсты жеңіп алады да бірақ істі атқаруға келгенде дайын болмай шығады. Серіктестіктердің бірқатарында тіпті лабораторияның өзі жоқ екен. Яғни, жүргізілген жұмыстарына баға бере алмайды. Олқылыққа енді жол берілмейді. Әкімдік тек өз базасында зертханасы бар кәсіпорындармен келісімшартқа отырады. Алайда, барлық жауапкершілікті мердігерлер мен техникалық қадағалау қызметіне ғана артып қоюға болмайды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көлік салмағын автоматты түрде өлшейтін станцияларды орнату қажет. Кен өндірушілерді ғана емес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді де мықтап тексеру керек. Қазір астық тасымалымен айналысатындар да жолды бұзып жатыр. Мұндай жауапсыз азаматтардың бұзып кеткен асфальтін үнемі жөндей алмаймыз.

Облыстық көліктік бақылау инспекциясына цифрландыруды жалғастырып, кеше ғана төселген асфальтты бүгін опырып кететіндерді анықтау жүктелді. Әзірге, шаруа мардымсыз атқарылуда. Сын М.Жұмабаев ауданы әкімі тарапынан да айтылды.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Возвышенка селосының айналма жолы жөнделіп жатқан уақытта ауыр жүк машиналары Возвышенкадан Молодогвардейское селосына дейінгі жолдың быт-шытын шығарды. Біз облыстық инспекцияға бірнеше мәрте шағымдандық. Бірақ, бейінді ведомство мамандарымен тексеріс бәрібір жүргізілмеді.

Сөйтсек, мамандар Возвышенка селосына апаратын трассаға келіпті. Бақандай 5 күн бойы бақылау жүргізген. Алайда, оны естіген жүк көлігінің жүргізушілері тасымалды тоқтатқан екен. Алқалы отырыста банкротқа шақ қалған әуежайдың да жайы айтылды. Бүгінде ахуал тұрақталып, ұшақпен еліміздің 3 қаласына жету мүмкіндігі бар.

Мақсат Баяхмет, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы

– 2021 жылы субсидиялаудың арқасында авиарейстердің жиілігі мен саны артты. Тамыз бен желтоқсан аралығында 16 мың жолаушы тасымалданды. Үстіміздегі жылы кешенді жоспарға сай республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, рейстер Нұр-Сұлтанға – күн сайын, Алматыға аптасына – 5, Шымкентке – 3, Түркістанға 2 мәрте жасалатын болады.

Автовокзалдың да күні қараң еді. Енді әкімдік тарапынан көрсетілген көмектің арқасында кәсіпорын табысы 15 млн теңгеге жетіп отыр. Жергілікті атқарушы билікпен қала ішіндегі қоғамдық көліктер де субсидияланады. Сондықтан, автобустардағы жол ақысы 2017-ші жылдан бері көтерілген жоқ.

Эльмира Садвокасова