Бүгін – елімізде төтенше жағдай жарияланғанына 5-ші күн. Халық белгілі бір тәртіп бойынша өмір сүріп жатыр. Ал мемлекеттік органдар мен маңызды нысандар штаттық режимде жұмыс істеуде. Осындай қиын-қыстау шақта сабырлық сақтап, түсіністік танытқан жұршылыққа облыс әкімі Құмар Ақсақалов алғыс білдірді.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазір облыста ахуал тұрақты. Өңірде осы күндері зардап шеккендер болған жоқ. Мүлікке зиян келген жоқ. Жағдайға түсіністікпен қараған облыс тұрғындарына алғыс айтамын.
Кейін кезек көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселелерге келді. Алғашқы сауал газға қатысты. Бүгінде түрлі әлеуметтік желілерде ең қымбат көгілдір отын аққайыңдар өлкесінде екені айтылуда. Бұл ақпарға қатысты аймақ басшысы былай деп түсініктеме берді:
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Еліміздегі ең қымбат газ біздің облыста деген қате ақпарат тарауда. Монополияға қарсы агенттік тексерді. СҚО, Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарында баға бірдей.
Осы күндері елімізде интернет белгілі бір уақыт аралығында ғана жұмыс істеп тұр. Құмар Ақсақаловтың сөзінше, біздің өңірімізде сол уақыт аралығы күн сайын ұзартылатын болады. Сөз барысында аймақ басшысы банкоматтардағы жағдайға да тоқталып өтті.
Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Облыста банкоматтарға ақша салу жұмыстары жүргізілді, негізгі банкоматтарда ақша бар. Қаладағы бірқатар супермаркеттер арнайы желі арқылы ақшасыз төлемдерді қабылдап келеді. Халық банктің облыстағы бөлімшелері өз жұмысын бастады. Банктерге арнайы күзет қойылды.
Төтенше жағдай режимі жарияланғанан кейін Петропавл қаласының айналасында – 5-еу, ал облыс аудандарында 20 блокбекет пайда болды. Бүгінге дейін бұл постарда 17 мыңға жуық автокөлік жіті тексеріліпті. Соның ішінде өңір аумағына себепсіз өтпек болған 451-і кері қайтарылған екен. Автожолдардан бөлек, теміржол қатынасы да қатаң бақылауда. Осы күндері Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің мамандары пойыз және ұшақпен келетін адамдарды мұқият тексеруде.
Марат Төлебаев, СҚО коменданты, ПД бастығы:
– Дәл қазіргі уақытта облыс аумағында жағдай тұрақты әрі қатаң бақылауда. Өңірде әлі де коменданттық сағат сақталған. Енгізілген шектеулерге бағынбағандар да тіркелді. Осы себеппен полиция органдарына жалпы саны 255 адам жеткізілді. Оның ішінде режимді және коменданттық сағатты бұзған 34 кісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Төтенше жағдай кезінде СҚО коменданты Марат Төлебаевтың өкімімен барлық жерде спирттік ішімдіктерді сатуға тыйым салынған болатын. Алайда, бұл шектеуге қарамастан өңірде алкогольді өнімдерді саудалаудың 4 фактісі анықталған.
Дана Ешкенова