Денсаулық сақтау

Жедел жәрдем қызметінің мамандары өңірдегі жағдайды тұрақты деп бағалап отыр

Бүгін – елімізде, оның ішінде аққайыңдар өлкесінде төтенше жағдай жарияланғанына 3-ші күн. Алайда, жедел жәрдем қызметінің мамандары өңірдегі жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Ақ халаттылардың сөзінше, қазіргі таңда тәулігіне әдеттегідей 500-ге жуық шақырту түседі. Олардың басым бөлігі қан қысымының және дене қызуының көтерілуіне байланысты,- дейді облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары Владимир Жужгов.

Владимир Жужгов, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:
– Жедел жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеуде. Облыс бойынша 1-ші және 3-ші санаттағы шақыруларға – 34 бригада, ал 4-ші санаттағыларға 23 бригада қызмет көрсетуде. Мамандар әр шақыртуға орташа есеппен 10-12 минутта жетеді. Елімізде орын алған жағдайға байланысты қазақстандықтарды сабырлық сақтап, түсіністік танытуға шақырамын.

Жалпы, жыл басталғалы облыстық жедел медициналық жәрдем орталығына 3 жарым мыңға жуық шақырту келіп түскен. Жедел жәрдем қызметінің фельдшері Қайнар Мерген күніне 10-15 шақыртуға барады екен.

Қайнар Мерген, облыстық жедел медициналық жәрдем орталығының фельдшері:
– Өңірімізде төтенше жағдай енгізілгенімен біз қалыпты режимде жұмыс істеп жатырмыз. Медициналық қызметкерлер жеткілікті. Сондықтан, еш алаңдаудың қажеті жоқ.

Өңірде қажетті дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті. Медициналық мекемелердің барлығы қажетті препараттармен қамтылған.

Дана Ешкенова