Ғ.Мүсірепов ауданындағы Раисовка селосында хоккей корты ашылды

Аптадағы маңызды жаңалықтар

8:45 30 Желтоксан 2021

– Мен конькимен жүгіру спортымен шұғылданамын. Бізге мұздың тегіс болғаны маңызды. Мұндағы мұз айдыны дәл сондай.

– Хоккей кортын сынап көрдік. Өте ұнады. Нысан іші жылы. Боран соғып, қар жауса да мұз айдынын тазалаудың қажеті жоқ. Күнде келіп, кез келген уақыт пен ауа райында ойнауға болады.

– Бұрын даладағы хоккей қорабында ойнайтынбыз. Бірақ, ешқашан шағымданған емеспіз. Қыстың суығына қарамастан жаттығып, жарыстарға дайындалушы едік. Енді жағдайымыз тіптен жақсарып отыр. Өте қуаныштымыз.

Иә, жастарға қысқы спорт түрімен шұғылдануға ашық аспан астындағы хоккей қорабы да, қақаған аяз да, жауған қалың қар да кедергі болған емес. Сөзімізге – мына көрініс дәлел. Раисовка селосының тұрғындары шорт-трек, мәнерлеп сырғанау мен хоккей дегенді теледидардан емес, күнделікті өмірде көріп жүр. Ал, жастар жағы мен арттарынан ерген балғындар дәл осы спорт түрлерінен аудандық және облыстық жарыстарда төбе көрсетуде. Жеткен жетістіктері де көңіл қуантарлық.

Владимир Коваленко, “Раисовка” ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Раисовка селосындағы жігіттердің барлығы – хоккейшілер. Бізде ересектер мен оқушылар командасы бар. Екеуі де – аудандық жарыс пен чемпиондар лигасының жеңімпазы. Жігіттердің бірнешеуі аудандық құрамаға мүшелік етеді. Сондықтан, корттың ашылуы – барша ағайын үшін кәдімгі мереке.

Қысқасы, село тұрғындары үшін хоккей осымен 50 жыл қатарынан аса сұраныстағы спорт түрі. Имектаяқ пен шайба десе елді мекендегі ерлер жағы ішер асын жерге қоюға даяр. Қазір мұз айдынында ауылдағы хоккейдің ізін салған жандар мен Раисовканың жастар командасы өнер көрсетуде.

Жабық корттың құрылысына бюджеттен 84 млн теңге бағытталған. Мұнда хоккей, шорт-трек пен мәнерлеп сырғанау бойынша 3 секция жұмыс істемек. Спорттың бұл түрлерімен айналысуға, әзірге, 50 бала ниет білдіріпті.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жабық хоккей корттарының құрылысы жалғасады. Бүгінде облысымызда 12 корт жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы алтауын саламыз деген жоспарымыз бар.

Ғ.Мүсірепов ауданындағы оң өзгерістер аз емес. Мәселен, Березовка селосының маңында қазір тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Шаруа үстіміздегі жылдың сәуірінде бастау алған. Бүгінде 3 ғимараттың қаңқасы дайын тұр. Қауырт маусым аяқталысымен, кәсіпорындағы жұмыс жалғаспақ. Іске “Возвышенка-СК” серіктестігі 4,4 млрд теңге инвестиция құйыпты.

Денис Посовец, “Возвышенка-СК” ЖШС директорының орынбасары, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Тауарлы-сүт фермасын 2022 жылдың шілде айында іске қосып, 600 бас ірі қарадан бастамақпыз. Ал 2023 жылға дейін сиырлардың санын 3 есеге арттырамыз. Кәсіпорын толық қуаттылыққа көшкенде 12 айдың ішінде 10 мың тонна сүт алу жоспарда бар. Өндіріс ошағында 30 адам екі қолға бір күрекпен қамтылады.

Ғ.Мүсірепов ауданы келесі жылы ірі инвестициялық жобаларға бай болмақ. Тауарлы-сүт фермаларының өзін ғана алғанда, бақандай бес кәсіпорынның құрылысы дәл осы жерде жүргізілуде. Олардың 4-еуі 2022-де іске қосылады. Өндіріс ошақтарында 12 айдың ішінде барлығы 25 мың тонна сүт жиналмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тауарлы-сүт фермасын іске қосу қыруар қаражатты талап етеді. 600 бас ірі қара үшін ғана 1,5-2 млрд теңге қажет. Сондықтан, аграрийлерге мемлекет тарапынан мығым қолдау көрсетілуде. Субсидия төленіп, арзан кредит беріліп жатыр.

Көрсетілген көмектің қайтарымы да болуы қажет. Әңгіме жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты турасында. Биыл “Раисовка” серіктестігі өз жұмысшылары үшін – 10, “Возвышенка-СК” 15 баспана тұрғызыпты. Соңғылары ауылдағы ағайынның үйлерін газбен қамтамасыз етуді қолға алған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елді мекендерді гүлдендіру ісін әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір 2022-нің бюджетін бекіту үстіндеміз. 50 ауылды дамыту жоспарда бар.

Яғни, селоішілік жолдар жөнделіп, мектеп, медпункт пен өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандар қалыпқа келтірілмек.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Инфрақұрылым саласының алқа отырысы өтті
СҚО бойынша 25 блок бекет орнатылды
Президент шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысын өткізді
ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды
Мемлекет басшысы лаңкестікке қарсы штабтың отырысын өткізді
Облыс әкімі онлайн-қабылдау өткізді
Тайынша ауданында құрамажем зауыты ашылды
Мемлекет басшысы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясына қатысты
2022 жылдың соңында сапалы жолдардың көрсеткіші 82 пайызды құрамақ
Экономист мамандардың пікірі
Азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол берілмейді
ТЖ кезінде қазақстандықтарға банк қосымшалары мен ресми ақпарат көздері интернетсіз қолжетімді болады