Петропавлдағы сәбилер үйінің ашылғанына – 100 жыл

МТРА жаңалықтары

22:50 28 Желтоксан 2021

Ата-ана қарауынсыз қалған және жетім сәбилер тәрбиеленетін үй 1921 жылы қолданысқа тапсырылыпты. Республика бойынша алғаш ашылған мекеме бастапқыда «Ана мен бала үйі» деп аталған екен.

Римма Выходцева, денсаулық сақтау саласының ардагері:

– Алғашқы жылы нысан 30 адамға шақталған еді. Азамат соғысынан кейін жетім қалған балалар мен жесір әйелдер саны артты. Олардың кейбірі осында жәрдем сұрап келді. Қолдан келгенше көмек көсетілді. Одан Ұлы Отан соғысы басталып, келушілер саны еселеп артты. Сол кезде кеңірек ғимаратқа көшуге тура келді.

Мекеме өкілдері ескірген нысанда жарты ғасырдан астам уақыт болған екен. 28 жыл бұрын дәл қазіргі ғимаратқа көшіп келіпті. Мұндағы жағдай, танытылатын қолдау жыл артқан жақсарып келеді. Соңғы уақытта жаңа кабинеттер ашылып, заманауи техникалар жеткізіле бастаған.

Рита Абдраева, сәбилер үйінің тәрбиешісі:

– Бізде Монтессори, массаж жасайтын кабинеттер мен музыка залы, сауна, бассейн бар. Балаларға білім береміз. Денсаулығы шалағай балалармен тәрбиешілер жұмыс жасайды.

Қазір мұнда ата-ана қарауынсыз қалған және туған-туыстары бас тартқан 40-тан астам бала тәрбиеленеді. Денсаулығында ақауы бар 10-ға жуық бүлдіршінді шешелері туа сала тастап кеткен екен. Кішкентайынан тағдыр тауқыметін тартып, мейірімге зар болып жүрген балаларға мұндағы мамандар барынша жылулық сыйлауда.

Рита Абдраева, сәбилер үйінің тәрбиешісі:

– 4 тобымыз бар және 2 «Үміт» тоба жұмысын жасауда. Балаларды өз перзентіміздей қараймыз. Мейірім береміз. Біз -оларды, олар бізді жақсы көреді.

Мекемеде дертке шалдыққан бүлдіршіндермен логопед, дефектолог, психолог мамандар да жұмыс істейді. Вячеслав Порохнин да жеке сабақтар ұйымдастырады. Ол – емдеу-дене шынықтыру кешенінің нұсқаушысы.

Вячеслав Порохнин, сәбилер үйінің маманы:

– Бұл жаттығу жасы келсе де, жүре алмай жүрген балаларға жасалады. Ол үшін денедегі нүктелерді тауып, ақырын уқалаймыз, аяғын ары-бері қозғалтамыз. Егер массажды 1 ай бойы күнде жасайтын болсақ, нәтижесін 1 айда байқауға болады.

Вячеслав Порохнин Даун синдромына және церебралды сал ауруына шалдыққан өзге де петропавлдық сәбилерге де жаттығу жасайды. Сәбилер үйіндегі арнайы орталық осыдан 5 жыл бұрын ашылған екен. Қазір тиісті курстан 14 бала өтуде. Арасында Анастасия Корминаның қызы да бар. Үш жасар Ева мұнда 2 айдан бері келіп жүр.

Анастасия Кормина, қала тұрғыны:

– Қызым 2 жарым жасқа толғанда эмоционалды синдромға шалдықты. Яғни, адамдармен қарым-қатынас орната алмайды. Сәбилер үйіндегі орталыққа келгелі бері оң өзгерістер байқалады. Перзентім айналадағылармен тіл табысып кете алмаса да жанына жақындағандардан қорықпайтын болды.

Желтоқсанның 2-сі сәбилер үйінің ашылғанына 100 жыл толды. 1 ғасыр ішінде 4 мың бүлдіршін өзінің туған әке-шешесімен қауышқан, 2 мың ұл-қыз жаңа отбасы тапқан. Мекеме өкілдерін мерейтоймен облыс әкімінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев арнайы құттықтай келіп, тәрбиеленушілерді жаңажылдық сыйлықтармен қуантты.

Тимур Сұлтанғазиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл – ең біріншіден сіздердің мерекелеріңіз! Құттықтаймын! Зор денсаулық тілеймін! 100 жыл дегеніміз – 1 ғасыр. Осы уақыт аралығында қолдарыңыздан талай бала өтті. Менің білуімше, 10 мыңнан астам бала осы үйде тәрбиеленген.

Мерекеге сай сәнді киім киген балалардың жүздері бал-бұл жайнап, көздері қуанышқа толды.

Маржан Касымбек

Бұдан әрі оқыңыз

“Бүгін” бағдарламасы 30.12.2021
Газ бағасы төмендетілді
Араға бір жарым жыл салып беті ашылған қылмыс
“Бүгін” бағдарламасы 20.01.2022
Жаңа жылды жұмыста қарсы алатын жандар