Қоғам

Бескөлде 145 метрлік сырғанақ құйылды

145 метрлік сырғанақ! Бескөл ауылының тұрғыны дәстүрден жаңылмай биыл да балаларға арнап ойын орнын жасады. Жетпісті желкелеген Юрий Краснопёр төбешікті әзірлеу үшін 1 айдан астам уақыт тер төккен. Қалтасынан әжептәуір ақша шығаруға тура келіпті. Қажетті құрылыс материалдарын 650 мың теңгеге сатып алған екен. “Басты мақсатым кішкентай ұл-қыздарды қуанту болды, шығын жайлы мүлде ойлаған жоқпын”,- дейді Юрий Адамович. Бүгінде ерке Есілдің жағасында тамаша әсерге бөлену үшін бескөлдіктерден бөлек, петропавлдықтар және көрші жатқан аудандардан да тұрғындар арнайы келуде. Айта кетейік, қария осымен 4-ші жыл қатарынан сырғанақ құйып отыр.

Юрий Краснопёр, зейнеткер, Қызылжар ауданы:

– Күннің суығына қарамастан мұнда кешкі уақытта адамдар көп жиналады. Бәрі туындымның күшті екенін айтып, алғыстарын білдіруде. Күнде ерте тұрып, ыстық су құям. Сонда беті теп-тегіс болады. Мен үшін балғындардың күлкісінен, қуанышынан асқан бақыт жоқ. Мұндай сырғанақты жылда жасауға дайынмын.