Балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлайтын суреттер

Мәдениет

21:33 27 Желтоксан 2021

Ирина Загородько – облыстық қуыршақ театрының бутафор-суретшісі. 28 жастағы нәзікжанды спектакльдерге түрлі қуыршақ дайындап, оларға киім тігіп, ойыншықтарды сәндеумен айналысады. Шығармашыл жан: «Балаларға ерекше әсер қалдыру үшін әр жұмысыма тиянақты қарап, өзгеше етуге тырысамын»,- дейді.

Ирина Загородько, облыстық қуыршақ театрының бутафор-суретшісі:

Қуыршақ театрында 1 жарым жыл еңбек етем. Бұған дейін мектепте бейнелеу өнерінен сабақ бердім. Уақыт өте келе өзімді басқа қырымнан көргім келіп, осында жұмысқа орналастым. Мұнда топпен ауқымды шаруа атқарылады. Бір қойылымға қуыршақ дайындау үшін сахна сыртында қаншама қызметкер тер төгетінін айту қажет. Бірі қуыршақтың шашын әзірлейді, екіншісі киім тігеді, ал үшіншісі декорациямен айналысады.

Талант иесі қуыршақ театрының кіреберісін де сәндеп қойды. Ол әйнек қабырғаға көздің жауын алатын түрлі бейнелер салды. Аққала, шырша, барыс және тағы да басқалар. Бұл жерден мерекелік атмосфера сезіліп тұр. Иринаның айтуынша, театрға келген балалардың басым көпшілігіне алдағы жыл символының суреті ұнапты.

Ирина Загородько, облыстық қуыршақ театрының бутафор-суретшісі:

Кіреберістегі суреттерді 3 күн ішінде салып шықтым. Кішкентай көрермендерге жаңажылдық көңіл-күй сыйлау үшін нені бейнелесем екен деп көп ойландым. Ақыры ғаламторды ақтарып, түрлі картиналарды қарап, қиялыма ерік бердім. Соңында осындай дүниелер дайын болды. Әр сурет мен үшін ыстық.

Ирина Загородько туындылардың барлығын гуашь бояуымен салған. Қылқалам шебері әріптестеріне де мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін шеберханадағы терезелерді сәндеп, қағаздан қар ұшқынын жасаған.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығы аталып өтілуде
«Sensitive» би ансамблі әлемдік додада үздік атанды
«Sensitive» би театрының шығармашылық кеші өтті
«Sensitive» би ансамблі Петропавлға оралды