Қылмыс

11 шақырым электр сымын ұрлағандар ұсталды

Мамандар қылмысқа барған адамдардың тоқпен жұмыс істеуде тәжірибелері бар деп болжап отыр. Олар жалпы ұзындығы 11 шақырымды құрайтын резервтік электр сымын бағандардан оңайлықпен шешіп алған. Ойлағандарын бірден жүзеге асырмапты. Көптің көзінен сескенді ме, әлде шамалары жетпеді ме, әйтеуір жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге бағаланған дүниені біртіндеп қолды қылған.

Данияр Ғалиақпаров, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Ағымдағы жылдың 7-ші желтоқсанында Қызылжар ауданының полиция бөліміне маусым және желтоқсан айлары аралығында Трудовая Нива ауылының маңындағы бағандардан кабельдер ұрланғаны туралы шағым түскен.

“Жалғыздың шаңы шықпайды” дегендей ұрлық бірнеше адамның қатысуымен жасалған. Қазір күдіктілердің барлығы тергеліп жатыр.

Данияр Ғалиақпаров, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында аталған қылмысты жасағаны үшін осы АЭС-тің жұмысшылары болып табылатын 9 адам әшкереленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бүгінде ұрланған сымдарды тәркілеу бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыскерлер қолды қылған заттарды металл қабылдайтын орынға өткізіп жіберген екен.

Бердимурат Баймухан