Мәдениет

«Sensitive» би театрының шығармашылық кеші өтті

Мерекелік концерт «Туған жер» ансамблінің орындауындағы «Қара жорға» биімен басталды. Кейін киелі сахна төріне көптің көзайымына айналған «Sensitive» би ұжымы шықты. Музыканы құлағымен емес, жанымен сезінетін талант иелері бұл жолы өнерсүйер көрерменген 12 жаңа қойылым ұсынып отыр. Оның алтауы – заманауи хореография, қалғаны – спорттық бал биі.

Ольга Ростовщикова, «Sensitive» би театрының көркемдік жетекшісі:

– Концертімізге «Танцуем любовь» деген атау бердік. Негізінен, осы уақытқа дейін топ мүшелері спорттық бал билерін билеп жүрді. Осы жолғы шараны ерекше етіп өткізейік деп шештік. Көптеген жаңа қойылымдар дайындап, өзімізді басқаша қырымыздан көрсеткіміз келді. Айта кететін жайт, бүгін көрермендерге алғаш рет соло биін ұсынып отырмыз. Шыны керек, дәл осы нөмірге бар жан-тәнімізді салдық.

«Sensitive» би театры – әлемнің түкпір-түкпірінде еліміздің атын шығарып жүрген өнер ұжымы екені мәлім. Ерекше талантты жерлестеріміз «Танцуем любовь» мерекелік концертін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тарту ретінде ұсынып отыр. Айта кетейік, іс-шарада би тобымен бірге қазақ сазды-драма театрының актерлері де өнер көрсетті.

Дәурен Тойбазаров, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған қойылымда «Sensitive» би тобы актерлермен бірге өздерінің пластикалық билерін орындады және «Шоқан» спектаклінде де өнер көрсетіп, қойылымызға қатысты. Жалпы, бұл құрам театрдың көптеген іс-шараларына қатысып, халықты тәнті етіп жүр.

Құлағының мүкісі болса да әуеннің ырғағына түсіп, ерекше билейтін топтың өнерін тамашалауға келген жұрттың қарасы қалың. Басым көпшілігі – «Sensitive» би театрының көптен бергі жанкүйерлері. Әсіресе, бүгінгі қойылымдары жанға жылу сыйлап, сүйсіне тамашалағандарын айтады.

Концертте менің құрбымның қызы өнер көрсетті. Осы күнге дейін топтың биін тек видеодан ғана көретінмін. Шынайы өмірде көріп, таңырқап, мүлдем басқаша әсер алдым.

Театрдың әр қойылымы маған шабыт сыйлайды. Өйткені, музыканы естімей билеудің қалай қиын екенін барлығы біледі. Сонда да өнерпаздардың әуеннің ырғанына беріліп билейтіндері таңдай қақтырады.

Көптің ыстық ықыласына бөленген топтың сахнада жүргеніне келер жылы 15 жыл толады. Алдағы уақытта мерейтойға орай бишілер көрермендерді жаңа туындыларымен қуантпақ ниетте.

Алтынай Казиканова