Қараша айының соңында Сенат депутаттары мобильді төлемдер мен аударымдарды реттейтін заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайлы заң жобасын әзірледі. Күні кеше ғана Қасым-Жомарт Тоқаев халық қалаулыларының бастамасын мақұлдап, тиісті заңға қол қойды. Негізгі жаңашылдықтың бірі – кәсіпкерлердің ұялы телефон арқылы жасаған аударымдарын фискализациялау, яғни тіркеуді міндеттеу.
Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде жеке тасымалдаумен айналысатын адамдарға мобильді аударымдардан бас тартуға және қолма-қол есеп айырысуға шақыратын ақпарат таратылуда. Осыған байланысты МКД келесіні түсіндіреді: бірінші кезекте – бұл жеке тұлғалардың аударымдарына еш қатысы жоқ. Жеке тұлғаларға сатып алу немесе аударым жасау кезінде салық салынбайды.
Яғни, туған-туыстардың және жеке тұлғалар арасындағы аударымдар салық салу объектісіне жатпайды. Енді жеке кәсіпкерлерге арналған ережеге тоқталайық. Мысалы, такси қызметіндегілер патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Аталған жаңашылдық бойынша мөлшерлеме жалпы табыстың тек 1 пайызын құрайды. Аз-кем математикалық түсіндіру: егер айлық табыс 300 мың теңгені құраса, онда мемлекетке төленетін сома 3 мың теңге болады.
Бауыржан Шайкенов, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
– Бұл ретте кассалық аппаратты сатып алу міндетті емес, онлайн кассалық аппараттардің бірнеше тегін нұсқалары бар. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап “E-Salyq Business” мобильді қосымшасын пайдалана отырып, арнайы салық режимі енгізіледі. Осы қосымшада ЖК тіркеуге, салық салу режимін таңдауға болады. Қосымша кассалық аппарат ретінде де пайдаланылуы мүмкін. Салықтар мен төлемдерді осы қосымша арқылы қолдана отырып төлеуге болады.
Тағы бір айта кететін жайт, енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес мобильді қосымшалар арқылы жасалатын аударымдар енді “төлемдер” және “аударымдар” болып екіге бөлінбек. Алғашқы аталған функция тек кәсіпкерлерге арналмақ. Оны қазір арнайы мамандар әзірлеп жатыр екен.
Дана Ешкенова