Қоғам

Қазақстан халқы Ассамблеясының даму жоспары

Қазақстан Халқы Ассамблеясы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 1995-жылдың 1-наурызында құрылды. Сол кездегі ұйымның басты міндеті мемлекет аумағында тұрып жатқан этнос өкілдерінің басын бір шаңырақ астына біріктіру еді. Мақсат бүгінде орындалды. 130-ға жуық өзге ұлт өкілдері қазір туған тілін үйреніп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын ұрпағының бойына сіңіруде. Бұл бағыттағы жұмыс бір жолға қойылғандықтан, Ассамблеяның ары қарай дамуын ойластыру қажет дейді Людмила Гривенная.

Людмила Гривенная, Қозыбаев университеті “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасының меңгерушісі:

– Ассамблеяның алдағы миссиясы қандай болмақ? Ұйым құрылған бетте басымдық түрлі этношараларға берілді. Концерттер мен жиындар жиі ұйымдастырылды. Кейін әлеуметтік проблемаларды шешуге де араласатын болды. Ал, енді Ассамблеяның жұмысын қалай кеңейтеміз?

Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Менің ойымша әрдайым жаңашылдықтарды енгізу міндет емес. Бастысы – жеткен жетістіктерді сақтап қалу. Десе де Ассамблея тарапынан бүгінде өзінің форматын өзгертуге назар аударуда. Осыған орай келесі жылдан бастап “Ассамблея жастары” жобасы қолға алынады. Бұл кейінгі ұрпақ өкілдерінің қоғамдық істерге атсалысудағы белсенділігін арттырмақ.

2007-ші жылы Қазақстан Конституциясына өзгеріс енгізілді. Ата Заң бойынша Парламент Мәжілісіне 9 депутат міндетті түрде Қазақстан халқы Ассамблеясының қатарынан алынады. Алайда, халық қалаулылары жалпыға ортақ сайлаудан өтпейді екен. Олар бірден тағайындалатын көрінеді. Людмила Гривенная бұл жүйеге өзгеріс енгізген жөн дейді. Депутаттар ұсынысты жазбаша жіберуді өтінді. Жиында мемлекеттік тілді оқыту мәселесі де көтерілді.

Сағындық Салмұрзин, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы:

– Соңғы уақытта мемлекеттік тілді үйрету ісі кенжелеп қалғанға ұқсайды. Бұл ретте Ассамблея тарапынан қандай шаралар қабылданбақ?

Мемлекеттік тілді меңгеру қос депутат үшін де өте өзекті мәселе. Бүгінде шетелдік кітап, кино мен мультфильдер қазақшаға аударылып жатыр. Десе де тілді оқыту курстарына басымдық беру қажет дейді халық қалаулылары.

Эльмира Садвокасова