Есірткі қылмысымен күресті күшейту қажет

Қылмыс

21:54 9 Желтоксан 2021

 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын есірткі саудалап ұсталғандардың жас аралығы 25 пен 40-ты құраған екен. Ал қазір осындай әрекетке баратындардың жасы 25-тен жаспайды. Жыл басынан бері жергілікті тәртіп сақшылары есірткіге қатысты 200-ден аса құқықбұзушылық тіркеген. Оның 73-і ауыр және аса ауыр қылмыс болып саналады. Заңсыз айналымнан алынған зиянды заттың көлемі 409 келіні құрайды.

Иван Терзиди, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– Полиция департаментінің қызметкерлері соңғы 11 айдың ішінде психикалық белсенді заттардың заңсыз айналымына қатысты 101 факті тіркеді. Бұл есірткі қылмысына қатысты жайттардың 48 пайызын құрайды. Одан бөлек, полицейлер синтетикалық есірткі өндіретін қылмыстық топтарды ұстап, 3 наркозертхананың жұмысын тоқтатты.

Жиын барысында түрлі саланың өкілдері статистиканы ғана емес, есірткі қылмысының алдын алу бойынша бірлескен жұмысты күшейту жайын да қаузады. Бүгінде жастар арасында профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарын арттырып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде белсенділікті арттыру қажет дейді сөз алғандардың басым көпшілігі.

Евгений Лазаренко, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының доценті:

Бұл – өте өзекті мәселе. Қазіргі күні біз әлеуметтік роликтерді көптеп әзірлеуіміз қажет. Мұндай форматтағы үгіт-насихатты жұртшылық жақсы түсінеді. Осы бағытқа ерекше көңіл бөлінсе деген ұсынысымыз бар.

Бұл ұсынысты полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қолдады.

Бердимурат Баймухан

Бұдан әрі оқыңыз