20 солтүстікқазақстандық ел Президентінің наградасын иеленді

Аптадағы маңызды жаңалықтар

21:54 9 Желтоксан 2021

 

Еліміз бен халқымыз үшін ең маңызды мереке. Санаулы күннен кейін Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Үш ондық – тарихпен алғанда қас қағым сәт. Алайда, біздің мемлекет үшін бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер мен әлеуметтік-экономикалық даму жолы. Салтанатты жиын барысында Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасу жолы оңайға соқпағанын айтты.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Бізге Тәуелсіздікке жету де, оны сақтау да оңай болған жоқ. Барлық өндіріс тоқтап, колхоз-совхоздар тарап, мектептер, мәдени орталықтар жабылды. Мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Бірнеше ай зейнетақы мен стипендия төленбеді. Бір сөзбен айтқанда экономикалық дағдарыс орын алды. Осындай ауыр кезеңде тәуекел етіп, ел тізгінін қолына алған Елбасы туған елінің сенімін абыроймен ақтады. Жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық.

Әр саланы дамыту бойынша өз ерекшеліктеріміз бен мүмкіндіктеріміз ескерілген Қазақстанның жеке жоспары пайда болды. Елбасы бекіткен «Қазақстан – 2030» стратегиясын мезгілінен бұрын орындап, «Қазақстан – 2050» бағдарламасын жасадық. Нұрлан Нығматулин Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының елдің дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

– Қазақстан – саяси, әлеуметтік-экономикалық салаларда зор табыстарға жеткен, бірлігі мен ынтымағы жарасқан бүкіл әлемге танымал беделді мемлекет. Осы маңызды жолда СҚ қосып жатқан үлесі зор. Қазіргі уақытта сіздердің аймақтарыңыз әсіресе өндіріс саласында жақсы нәтиже көрсетуде. Сіздерде шығарылатын өнімдер әлем нарығында да белгілі.

Бұның барлығы – Тәуелсіздік жемісі. 30 жылдың ішінде облыстың жалпы ішкі өнімі доллармен алғанда 15 есеге өсті. Ауыл шаруашылығының дамуы да жаңа дейгейге көтерілді. Соңғы 10 жылдың өзінде ғана сектордағы еңбек өнімділігі 7 есеге артты. Биыл аграрлы салада шығарылған тауар көлемі 890 млрд теңгені құрап отыр. Бұл 2017-ші жылғы көрсеткіштен 2 есеге жоғары.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2010 жылы Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы қабылданды. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен өндіріс саласындағы өсім 38 пайызды құрады. Дәл осы аралықта тау-кен өндірісі тауарының көлемі 6 есеге ұлғайды. Оң нәтижеге ішкі және сыртқы инвестициялардың арқасында қол жеткіздік. Егемендік жылдары біздің өңірге 2,2 трлн теңге қаражат құйылды. Соңғы 5 жылдың ішінде тартылған ақша 2 есеге, яғни 167 млрд-тан 320 млрд теңгеге дейін артты.

Егемендік жылдары облысымызда ондаған мектеп, балабақша, аурухана мен мыңнан аса спорт нысаны тұрғызылды. Солтүстікқазақстандықтарды баспанамен қамту мәселесіне де көп көңіл бөлінді. 30 жылдың ішінде өңірде 5 млн шаршы метр үй қолданысқа тапсырылды. Алдағы 5 жылда тағы 21 мың пәтер салынып, 70 мыңнан аса адам армандаған қонысына қол жеткізеді. Табысты нәтиже жолында әр теріскейліктің тигізген пайдасы зор. Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік пен өнер. Жиын барысында түрлі саланың тұтқасын ұстап жүрген азаматтар «Құрмет» орденімен марапатталды. Солардың бірі – Жамбыл ауданының жер емген диқаны Екпін Әбиев.

Екпін Әбиев, «Екпін 2002» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:

– Сіңірген еңбек Отанға, елге, саяси тұрақтылыққа келешекте өз иесін табады. Бүгінгі марапаттау соны дәлелі. Елбасының орта кәсіпкерлік өкілдерін тексеруге мараторий жариялады. Соның арқасында біз аяққа тұрдық.

Ел Президентінің жарлығымен бейбіт күннің батыры да марапатталды. Айтбай Сәдуақасов өрт сөндіруші болып 6 жылдай уақыт еңбек етуде. Осы аралықта құтқарушы ондаған адамның өмірін сақтап қалған.

Айтбай Сәдуақасов, СҚО ТЖД өрт сөндіру бөлімінің командирі:

– Биыл қаңтардың 26-сы қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шықты. Тез арада оқиға орнына жетіп, тұрғындарды эвакуацияладық. Сол сәтте үшінші қабаттағы пәтерден көмек сұраған айғайды естідім. Бұл қатты түтіннен тұншыға бастаған ана мен кішкентай қыз екен. Пәтерге кіріп, балаға құтқару жалбағайын кигізіп, оны қолыма көтеріп алып, таза ауаға шығардым. Батырлық жасадым деп есептемеймін. Қызметтік нұсқаулық бойынша әрекет етуге тырыстым.

Жалпы, салтанатты жиынды Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай барлығы 20 жерлесіміз марапатталды. Еңбегі еленген жандарға 3 дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерең еңбегі» мен «Шапағат» медальдары табыс етілді.

Бағлан Ілиясова, Алқатерек орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:

– Еліме, туған жеріме еңбегім сіңсін деген оймен өзім бітірген мектепке жұмыс істеуге келдім. 40 жыл еңбек еттім. Қазір ауылдық мектептердегі жағдай жақсаруда. Материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.

Салтанатты жиын мерекелік концертпен ақталды. Жергілікті әнші, бишілермен бірге солтүстікқазақстандықтары мейраммен құттықтап, Жәмилә Серкебаева да өнер көрсетті.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Экономист мамандардың пікірі
СҚО бойынша 25 блок бекет орнатылды
Облыс әкімі онлайн-қабылдау өткізді
Тайынша ауданында құрамажем зауыты ашылды
Президент шұғыл әрекет ету штабының кезекті отырысын өткізді
ТЖ кезінде қазақстандықтарға банк қосымшалары мен ресми ақпарат көздері интернетсіз қолжетімді болады
Жаңа премьер-министр тағайындалды, Президент тың тапсырмалар жүктеді
СҚО үшін 2021 жыл қандай болды?
Әкімдік отырысында облыстағы эпидахуал баяндалды
Облыстық әкімдікте жыл қорытындыланды
Инфрақұрылым саласының алқа отырысы өтті
ҚР ҰҚК бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды