Денсаулық сақтау

М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде 255 бала екпе қойғызды

М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінде вакцинациялау науқаны қызу жүргізіліп жатыр. Мұнда шамамен 1 апта ішінде 250-ден астам оқушы иммундау шарасынан өткен. Ұл-қыздарға екпені №3 қалалық емхананың арнайы мобильді бригадасы келіп салуда. Дәрігерлер кәмелеттік жасқа толмағандардың жағдайын 3 күн бойы бақылайды. Айтуларынша, вакцинаны қойдырғандардың басым бөлігінде әлсіздік байқалып, ыстық көтерілген. Одан басқа кері әсер тіркелмепті.

Бақтияр Жұрнаш, М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің оқушысы:

– Ағам мен достарым екпе алды. Денсаулығымды сақтау үшін мен де вакцина салдыртуға шешім қабылдадым. Коронавирусқа шалдығудан қорқамын.

Сәния Қасымова, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Қазір ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс. Вирус өршіп тұрған кезде ата-аналар балаларының денсаулығы үшін алаңдаулы. Сондықтан, тұрғындардың басым бөлігі перзентеріне екпе салдыруға келісім беріп жатыр. Мектепте күніне 10-нан астам балаға вакцина саламыз.

Бердимурат Баймухан