Ерiктiлер

“Күміс волонтерлер” ұйымы “Жыл волонтері” премиясының аталымын жеңіп алды

Кешегі – Тимур және оның командасы, бүгінгі – еріктілер. “Күміс волонтерлер” 2020 жылдың басында ардагерлер кеңесі жанынан құрылған. Ұйымға бала кезінен өзгеге көмек қолын созып, қоғамдық шараларға ат салысқан жандар мүшелік етуде. Қандарына әбден сіңген белсенділік құрметті еңбек демалысында да қол қусырып отырғызбаған көрінеді. Осылайша зейнеткерлер қазір білім, медицина, экология, қайырымдылық сынды 13 бағыт бойынша жұмыс істеуде.

Сәуле Тахметова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы еріктілер ұйымының жетекшісі:

– Екі жылға жуық уақыт ішінде атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Ұйымға 30-ға жуық зейнеткер мүшелік етеді. Әрбіреуінің еңбегі еленсін деген ниетпен біз халықаралық “Жыл волонтері” премиясына қатыстық. Барлық өткізген шаралар мен істелген жұмыстың фото-видеоларын жібердік. Бірінші кезең онлайн дауыс беру болды. Біз 665 дауыс жинап, екінші этапқа өттік.

Екінші кезеңде қазылар алқасы атқарылған шаруаға өз бағаларын беріпті. Солтүстікқазақстандық күміс еріктілердің ісі барлығының көңілінен шыққан көрінеді. Осылайша, ардагерлер кеңесі жанындағы ұйым “Жыл волонтері” аталымының жеңімпазы атанды.

Сәуле Тахметова, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы еріктілер ұйымының жетекшісі:

– Біздің ұйым үшін қуанышым шексіз. Зейнеткерлер еңбек демалысына шыққаннан кейін төрт қабырғаға қамалып отырғылары келмейді. Қариялар қоғамдық шараларға барынша ат салысады. Өмірлік тәжірибелерімен өзгелермен бөлісуді қалайды.

Павлодар қаласында өткен салтанатты шара барысында Сәуле Тахметова өзге де еріктілер ұйым мүшелерімен танысып, әріптестік орнатыпты.

Эльмира Садвокасова