Көлік және жолдар

Жолдағы қауіпсіздік пысықталды

Көктайғақ, ат құлағы көрінбейтің боран адамдардың өміріне қауіп төндіреді. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында солтүстікқазақстандық полицейлер облыстық жолдарға қызмет көрсетуші компания өкілдерімен кездесіп отыр. Жүздесуде негізгі проблемалар көтеріліп, шешу жолдары біржақты етілді. Тараптар қауіпті аумаққа шұғыл түрде құм-тұз қоспасын шашу, ескерту белгісін орнату және туындаған қандай да бір мәселені хабарлау жөнінде келісімге келді.

Мақсат Баяхмет, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Бүгінде өңірдегі облыстық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 1983 шақырымды құрайды. Арнайы ұйымдастырылған жиында осы аралықты күтіп ұстау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы талқылануда. Біз негізгі талаптарды жіпке тізіп, мердігерлердің жауапкершілігін арттырғымыз келеді.

Мердігерлердің жұмысын құқық қорғаушылар қадағаламақ. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов кез келген адам департаменттің ресми аккаунттарына қауіпті аумақтардан фото немесе видео жолдай алады дейді. Соған сүйеніп тәртіп сақшылары жауапты компанияға ескерту жасамақ. Егер мамандардың ескертуі еленбесе, айыппұл салынуы мүмкін.

Серік Әлжанов, СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы:

Орын алған проблемалар жергілікті атқарушы органдардың және мердігерлердің бірлескен жұмысының нәтижесінде ғана шешіледі. Ал мәселелер уақытылы біржақты етіліп отырса, қауіпсіздік те қамтамасыз етілмек.

Жыл басынан бері әкімшілік полиция басқармасының өкілдері облыс жолдарында 200-ге жуық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 700-ге тарта кемшілік анықталып, мердігерлерге олқылықтарды реттеу бойынша 184 ұйғарым берілген.

Байболат Култанов