Ауа райы

Желтоқсанда ауа температурасы түнде -38, күндіз -30 градусқа дейін төмендемек

Қыстың таза ауасында серуен құрып, шаңғы мен коньки теуіп, аққала жасайтын маусым ресми түрде ашылды. Ағымдағы айдың ауа райы бұл үшін өте қолайлы болмақ. Әсіресе, жерлестерімізді алғашқы онкүндік қуантады.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде 0-5 градус аяздан 20-25 градус аязға, күндіз 3 градус аяз-2 градус жылыдан 15-20 градус аязға дейін төмендеуі болжанады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы түнде 15-20 градус аязға, күндіз 8-13, облыстың шығысында 16 градус аязға дейін көтеріледі деп күтілуде.

Қарлы, боранды қыс үшін екінші онкүндіктегі ауа райын жақсы деп бағалауға болады. Мереке күндері сырғанақ теуіп, отбасымен таза ауада қыдыруға мүмкіндік бар. Әрі жаңа жылға дайындықты да дәл осы уақытта жүргізіліп алған жөн. Себебі, желтоқсанның 10-ы мен 20-сы аралығында түнде ауа температурасы минус 22-27, кей жерлерде 32, ал күндіз 5-10, кей жерлерде 15-20 градусты құрамақ.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 28-33, облыстың солтүстігінде 38 градус аязға, күндіз 20-25, облыстың солтүстігінде 30 градус аязға дейін одан әрі төмендеуі болжанады. Онкүндіктің ортасында ауа температурасы түнде 15-20, облыстың солтүстігінде 25 градус аязға күндіз 7-12, облыстық солтүстігінде 17 градус аязға дейін жоғарылайды.

Ал, желтоқсан айының соңы, яғни Жаңа жыл мерекесі жақындағанда ауа температурасы қайта суымақ. Күндіз сынап бағанасы 12-22, түнде 25-30 градусты көрсетпек. Жауын-шашын мөлшері айлық нормаға сай болады деп күтілуде.

Эльмира Садвокасова