Мәдениет

Жалпыұлттық телевизиялық жоба қатысушылары марапатталды

“Славянки” триосы – танымдық іс-шараға қатысқан белсенділердің бірі. Өнер ұжымы түрлі сала өкілдерінен құралған. Әншілердің арасында әртіс, ұстаз бен кәсіпкер де бар. Биыл нәзікжандылар жалпыұлттық жобаға арнап халық әртісі Ескендір Хасанғалиевтің “Атамекен” әніне бейнебаян түсірген екен.

Трио Мүшесі Юлия Родионованың сөзінше бұл туындыда Қазақстанның бар байлығы, халқының ынтымағы мен бірлігі айтылады. Сол себепті, осы әнді шырқадық дейді.

Юлия Родионова, “Славянки” триосының мүшесі:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының жобасына қатысқанымызға өте қуаныштымыз. Клипте біз өлкеміздің табиғатын көрсеттік. Біздің репертуарымызда басқа да тілдегі әндер көп.

Айта кетейік, телевизиялық экспедиция барысында елге танымал журналист, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мая Бекбаева еліміздің өңірлерін аралап, түрлі этнос өкілдерімен кездесті. Кең байтақ даламыздың көрнекі орындарын көпшілікке таныстырып, ұлттар арасындағы достықты насихаттады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара барысында аққайыңдар өлкесіне де ат басын бұрды.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елімізде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының да бұл бағытта жасап жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай.Татулық пен бірліктің арқасында қазіргі күні мемлекетіміз дамып, өркендеп жатыр.

Жобаға “Славянки” триосынан бөлек, жергілікті этномәдени орталықтардың өкілдері де қатысқан екен. Осыған орай, бүгін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов белсенділерді аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті.

Бердимурат Баймухан