Денсаулық сақтау

СҚО-да 2 мыңнан астам жасөспірім вакцина алды

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы Сандуғаш Саматалистің жақындары коронавирусқа қарсы екпені алғашқылардың бірі болып салдырыпты. Енді бүгін өзі де вакцина қойдыруда. Жасөспірімге ата-анасы “Pfizer” компаниясы шығарған “Comirnaty” препаратын алуға рұқсат беріпті. “Иммундау шарасынан өтудегі басты себеп – өзімді және жақындарымды жаман індеттен қорғау”,- дейді 11- сынып оқушысы.

Сандуғаш Саматалис, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің оқушысы:

– Вакцинаны қойдырған себебім – біздің аймақ “қызыл” зонада. Отбасымда кішкентай бауырым бар. Оған инфекция жұқтырмас үшін екпе алдым.

Сандуғашпен қатар бүгін тағы 4 оқушы иммундау шарасынан өтті. Осылайша, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде екпе алған жасөспірімдердің саны 13-ке жетіп отыр. Бүгінде аталған білім ұясында 950-ден астам ұл-қыз оқиды. Олардың 400-ге жуығы – 12 жастан асқандар.

Ақнұр Бейсенбаева, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің әлеуметтік ұстазы:

– Қарашаның 19-ы мектепішілік ата-аналар жиналысы болды. Жиында ата-аналарға жаңа вакцина жайлы ақпарат берілді. Вакцина алушыларға №1 емхананың мамандары келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Содан бері ата-аналардың келісімімен екпе қойыла бастады.

Пандемия басталғалы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің 20-ға жуық оқушысы коронавирус жұқтырған. Бүгінде білім ұясында 1-сынып карантинге жабылған. Сөз соңында мынандай дерекпен бөлісейік. Елімізде “Comirnaty” екпесін 86 мыңнан астам жасөспірім алған. Соның 2 мыңнан астамы – солтүстікқазақстандық ұл-қыздар.

Дана Ешкенова